СҚО-дағы фестивальге 2 мың литр қымыз әкелінді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда «ҚымызFest» фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фестиваль екі жыл қатарынан өтіп жатыр. Биыл барлық аудандардан 2 мың литр қымыз бен 100 келі бауырсақ әкелінді. Қымыз мерекесі ат шеруден - карнавалдан басталды.

Театрландырылған алаңда шатырлар тігіліп, түрлі қымыздар дәм тату үшін қойылды. Облыс аудандарынан келген шеберлер жәрмеңкеге теріден, сүйектен, керамика, ағаштан жасалған бұйымдар әкелді. Оның бәрін сатып алуға болады. Алаңның орталығында 150 литрлік қымыз құйылған қазан орнатылған.

Барлық қала тұрғындары мен қонақтарына сусын тегін таратылды. Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарованың айтуынша, фестиваль аясында асық атудан турнир және ет конкурсы өтеді.

«Фестиваль 4 бағыт: аспаздық, халық жәрмеңкесі, спорттық жарыстар мен ат карнавалы бойынша өтіп жатыр. Әр бағыт бойынша қатысушылар арасында конкурстар өтеді. Фестиваль өңір үшін маңызды оқиға. Біз «КымызFest» шарасы облысымызға туристер тартуға ықпал етеді деп үміттенеміз», - деді Қ. Жарова.