СҚО-дағы түзету мекемелерінде былтыр 19 сотталған некесін қиды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында түзету мекемелерінде жазасын өтеушілер жиі некеге отыратын болған. Осыдан екі жыл бұрын 13 адам некесін заңдастырса, былтыр 19-ы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ЕС-164/9 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Николай мен Альфия үйленді. Ер адамға бостандыққа шығу үшін әлі үш жыл бар, ал Альфия биыл маусым айында босайды. Келіншек сүйіктісін күтуге уәде берді.

«Мен бұған дейін тұрмыста болғанмын. Алайда, өз бақытымды енді таптым деп ойлаймын. Мен Николайды жақсы көремін, оны күтемін. Біздің болашаққа жоспарымыз көп», - дейді Альфия.

Келіншек есірткі қылмысы үшін 3 жылға сотталып, бостандығы шектелді. Алайда пробация тәртібін бұзғандықтан Петропавл қалалық соты оны 3 жылға түрмеге отырғызды. Былтыр тәртібі жақсы болғандықтан жазаны жеңілдетіп, ең төменгі қауіпсіздік мекемесіне - ЕС-164/9-ға ауыстырды.

Николай 2018 жылы «Ұрлық» және «Қарақшылық» үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды. 2021 жылы сот үкімімен қалған мерзімін орташа қауіпсіздік мекемесінен ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды.

«Үйдегі күнделікті ұрыс-керістен шаршадым. Проблеманы ұмыту үшін арақ-шарапты жаныма серік еттім, осылайша алкогольге тәуелді болып шыға келдім. Бөтелкесіз менің күнім басталмайтын. Бірде араққа ақшам болмай, өтіп бара жатқан қыздың сөмкесіне жармастым», - дейді Николай.

Николай мен Альфия алғаш рет ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде кездесті. Таныстық махаббатқа ұласып, екі айдан кейін олар үйленуге бел байлады.

«Альфияны бір көргеннен ұнаттым. Бұл жерде өмірім осылайша өзгереді деп ойламап едім. Бақыттымын. Әрине, істеген ісіме өкінем, енді оны қайталамауға тырысамын, ол маған өмірлік сабақ болды», - дейді сотталған.

Ерлі-зайыпты қазір «Еңбек-Қызылжар» мекемесінде еңбек етеді.

«Мекемелерде некеге отыру жағдайлары көбейген. Бұл сотталғандарға оң әсер етеді. Оларды мерзімінен бұрын босауға ынталандырады», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Александр Кочкин.

Айта кетерлік жайт, сотталғандар арасында 2020 жылы 13 адам некеге отырса, былтыр 19 адам қарым-қатынасын заңдастырды. Биыл 2 сотталған некеге отырды.