Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов 8 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашалығы өнімінің көлемі өңірде 0,7 пайызды құрағанын атап өткен болатын.
«Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 154 млрд теңге болды. Индекс - 99,1 пайыз. Сала көрсеткішіне өнеркәсіп өндірісі көлемінің 14 пайызын алатын машина жасау саласы әсерін тигізді. Онда 31 пайыз төмендеу бар. «Қазақстан инжиниринг» АҚ басқаруындағы екі зауыт 52 пайызға төмендеді. «Мұнаймаш» зауытының тапсырыс портфелінің қысқаруына байланысты 6 пайызға төмендеді. Бүгінгі күні тиісті шаралар қабылдап жатырмыз. 9 айдың қорытындысында жағдай түзелетін болады», - деді ол.
Облыс басшысының айтуынша, өңірде негізгі капиталға 105,5 млрд теңге инвестиция тартылып, көрсеткіш 108 пайыз болған. Құрылыс жұмыстары 155 пайыз, инфляция 3,3 пайызды құраған. Жыл басынан бері 21 мың адам жұмысқа тартылған. Оның ішінде 10 мың жаңа жұмыс орны ашылған.
«Құмар Іргебайұлы, Сіздердегі «Зиксто» зауытында жүк вагондарын шығару көлемі қысқарды. Негізгі себеп - жиынтық бөлшектер Ресейден келмеген. Сол да себеп пе? Жиынтық бөлшектер Ресейден келмеді деп өндірісті қалай құлатамыз? оны кім қарайды сонда, кім бақылайды?», - деді Премьер-Министр.
Өз кезегінде облыс басшысы бұл мәселе Ресейге салынған санцияға байланысты екендігін, қазір келісімшарт жасалып, бөлшектер алынып жатқанын айтты.
«Ол шығаратын ойыншық емес қой. Үлкен зауыт, үлкен теміржол вагондары. Ол жұмыстардың барлығы алдын ала жүргізілуі керек қой. Тапсырыс бар, вагон жоқ. Сонда жұмыс қайда?», - деген Бақытжан Сағынтаев.
Сонымен қатар Үкімет басшысы өңір басшысынан үлкен кәсіпорындарды дамыта алмай отырғанда, шағын бизнесті қалай ілгерілетпек ойы бар екендігін сұрады.
«Кемшіліктерді мойындаймыз. Шағын және орта бизнес арқылы кемшіліктерді жөндейтін боламыз. Жол картасына енген 284 жобамыз бар. Көмек көрсетіп жатырмыз. 9 айдың қорытындысында барлығы дұрыс болуы тиіс», - деді Құмар Ақсақалов.
«Құмар Іргебайұлы, өткендегі Сіздің басқарма басшыңыздың баяндамасындағы «есік алдындағы бақшаны дамыту арқылы шағын кәсіпорынды дамытамыз» дегендей іс-шара болатын болса, онда алысқа бармайсыздар», - деп ескертті Бақытжан Сағынтаев.
Иллюстрациялық фото: integral-russia.ru