СҚО дәрігер тапшылығын шешу үшін Ресейден маман тартпақ

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында медицина кадрларының жетіспеушілігі мәселесі өзекті. Өңірге 208 дәрігер және 209 фельдшер қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-ның медицина саласындағы кадр тапшылығы бүгін облыс әкімдігінде қаралды. Қазіргі уақытта өңірге 208 дәрігер мен 209 фельдшер қажет. Сұранысқа аса ие мамандардың қатарында психиатр, гинеколог, хирург, кардиолог, анестезиологтар бар.

СҚО әкімі Айдарбек Сапаровтың пікірінше, өңірге келген мамандарға барынша жағдай жасау маңызды. Ауылдық жерлерде оларды орталықтандырылған жылу және су желісіне қосылған баспанамен қамту керек.

«Мәселені шешу үшін медицина қызметкерлерін еліміздің басқа аймақтарынан ғана емес, Ресейдің көрші облыстарынан да тарту керек. Неге біз Түмен мен Омбының жоғары оқу орындарына барып, түлектермен кездеспейміз. Біздің ұсынысымыз көңілдерінен шығар. Олардағы қазіргі жағдайға байланысты біздің облысқа келіп жұмыс істегісі келетіндер табылар. Ал келген мамандарға көтермеақыны арттыруды облыстық мәслихат депутаттарымен ақылдасу керек. Кей емдеу мекемелерінде жаңа қондырғылар бар. Алайда онымен жұмыс істейтін маман жоқ», - деді Айдарбек Сапаров.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, өңірге мамандарды тарту үшін оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету әзірге нәтиже бермеген.

«Былтыр облысқа 280 дәрігер келді. Олардың 185-і қалада, 95-і ауылдарда жұмыс істеп жатыр. Келгендердің 132-сі жас маман. Бірақ өткен жылы өңірден 218 маман кетті, олардың 140-ы – Петропавл қаласынан, 78-і – ауылдардан. Жұмыстан шығып кеткендердің 41-і – жас маман. Дәрігерлердің жұмыстан кетуінің себебі көп – басқа жаққа көшу, зейнеткерлік жасқа жету және мамандардың жеке секторға ауысуы. Қазіргі уақытта зейнет жасына жеткен медицина қызметкерлерінің үлесі 11% құрайды», - дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов.

Қазір СҚО-ға келген дәрігерлерге ауылға барса 2,5 млн теңге, Петропавлда қалса 1,5 млн теңге көтермеақы беріледі. Бұдан басқа әр емдеу ұйымы 1 млн теңгеден бөліп, пәтерді жалдау ақысын төлейді. Әрі «Дипломмен ауылға» сияқты мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі бар.