СҚО денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Сәкен Амрин Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасын басқаратын болды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
— Облыс әкімінің өкімімен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен келісім бойынша Сәкен Өмерсерікович Амрин Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалды, — делінген хабарламада.
Сәкен Өмерсерікұлы 1984 жылы Шал ақын ауданы, Сергеевка қаласында дүниеге келген. 2007 жылы Астана қаласындағы Қазақ мемлекеттік медицина академиясын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2008 жылы акушер-гинеколог болып Облыстық перинаталдық орталықта және 3-ші қалалық ауруханада бастаған. Соңғы жылдары КГП на ПХВ «Көпсалалы облыстық аурухананың» бас директоры қызметін атқарды.
Жетекшілік тәжірибесі мол маман ретінде Сәкен Өмерсерікұлы өңірдің денсаулық сақтау саласының дамуына, телемедицинаны енгізуге, медицинаны цифрландыруға, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті нығайтуға және ауыл тұрғындары үшін қолжетімділікті арттыруға ерекше көңіл бөлетін болады.
Жаңа басшыны облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов таныстырып, оған табыс, жемісті еңбек және әріптестерінің қолдауын тіледі.
Бұған дейін ШҚО Білім басқармасына жаңа басшы тағайындалғанын жаздық.