«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін биыл күрделі жыл болды. Дәнді дақылдар өсіп-жетілетін кезеңде жауын-шашын болмады. Тамыздан бастап астық бастырылатын уақытта оқтын-оқтын жауын жауды. Сондықтан да мұның бәрі сапалы нан жинауға кедергі келтірді. Осыған қарамастан аграрийлер гектарына 11,1 центнерден 3 млн 700 мың тонна астық бастырды. Әрине, бұл СҚО тауар өндірушілері үшін орташа көрсеткіш. Майлы дақылдардан да жақсы өнім алдық. Субсидияға қатысты айтар болсам, шамамен 61 млрд теңге төленді. Өсімдік шаруашылығы бойынша – шамамен 20 млрд теңге, мал шаруашылығы бойынша – 11 млрд теңге. Тауар өндірушілеріміз жыл сайын шамамен 2,5 мың теғхника сатып алады. Оның сомасы 70 млрд теңгеге жуықтайды. Егер шетелде шығарылған техника сатып алынса, 25 пайызы, отандық өндірістегі техника болса 30 пайызы субсидияланады. Сол арқылы тауар өндірушілерді отандық техника сатып алуға ынталандырамыз», - деді өңір әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте агенттік тілшісінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан 19 млрд теңге көлемінде қосымша субсидия бөлінді.
«Жалпы, осы көмектер арқылы тауар өндірушілеріміздің 83 млрд теңге көлемінде қажеттілігін қанағаттандырдық. Субсидия алуға шамамен 20 мың өтінім түсіп, 90 пайыздан астамы қанағаттандырылды. Бұл тауар өндірушілеріміз үшін жақсы көрсеткіш. Әрине, көктемгі далалық және астық жинау кезеңдерінде жеңілдетілген дизель отынын бөлуге қатысты мәселелер бар. Күз жаңбырлы болды. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 317 астық кептіргіш бар. Тауар өндірушілеріміз астықты кептіру үшін бекітілген бағамен 19 700 тонна дизель отынын алды. Осылайша, мемлекет оларға астықтарын сақтап қалуға көмек көрсетті», - деді Гауез Нұрмұхамбетов.