СҚО диқандары 5,3 млн тонна астық жинады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының диқандары биыл 5,3 млн тонна астық жинады. Бұл туралы бүгін орталық комуникациялар қызметіндегі брифингте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов  айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агроөнеркәсіп кешені - өңіріміздің экономикалық өсімінің негізі. Өткен кезеңде ауыл шаруашылығына тартылған инвестицияның көлемі 64,2 млрд теңге болды. Бұл жалпы республикалық көлемнің 22,8 пайызын құрайды»,- деді облыс басшысы.

Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысы жыл сайын еліміздегі астық өнімдерінің 30 пайызға жуығын және майлы дақылдардың 40 пайыздан астамын өндіреді.

«Биыл егін шығымдылығы гектарынан 19 центнерден айналып, жалпы алғанда  5,3 млн тонна астық жинадық. Жалпы табыс бір жыл ішінде дәнді-дақылдан - 61 млрд теңгеге, майлы дақылдан - 25 млрд теңгеге өсті», - деді Құмар Ақсақалов. 

Облыс әкімінің дерегінше, қаңтар-қазан айларында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1,9 пайызға өсіп, 464,1 млрд теңгені құраған. Осының барлығына жоғары технологияларды қолдану, минералды тыңайтқыштарды пайдалану және цифрлық жүйеге көшудің арқасында қол жеткізіліп отыр.