СҚО дүкендеріндегі шетелдік азық-түліктің 92,2 пайызы талапқа сай емес

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының кейбір сауда орындарында мерзімі өткен және қауіпті бактериялар бар өнімдер саудаланып келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті мамандарының мәліметінше, биыл 10 ай ішінде облыс аумағының сауда орындарында және қоғамдық тамақтану нысандарында 252 тексеріс жүргізілді.  Тағам өнімдерінің 5 мыңға жуық үлгісі сатып алынып, зерттелді. Нәтижесінде, 527 сынама үлгісінің шамамен 11 пайызы талаптарға сәйкес келмеген.  

Атап айтқанда, ет өнімінің 39 және құс етінің 4 сынамасының заттаңбасында көрсетілмеген доңыз ДНК-сі табылды, олардың барлығы ресейлік өнімдер. Сондай-ақ, Ресейде шығарылған котлет, тартылған ет, кондитерлік және шұжық өнімдері мен тұшпараның 29 сынамасынан ішек таяқшалары, зең, ашытқы анықталды. Тағы 10 сынамада (құс еті, тартылған ет) сальмонелла бактериялары бар болып шықты.

Айта кетерлігі, талаптарға сай келмеген өнімдердің 92,2 пайызы шетелден жеткізілген. Оның 55,7% Ресейден, 12,5% Қытайдан, 6,7% Түркиядан, 4,8% Франциядан, 2,8% Польшадан, 2,8% Қырғызстанна, 1,9% Украинадан, 1,9% Сербиядан, 1% Германия, АҚШ, Испания, Италия және Өзбекстан  елдерінен импортталған. Қалған 7,8% - отандық өнімдер.

Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бастығы Серікбай Қасмақасовтың айтуынша, тағы 39 сынамада өнімнің пайдалану мерзімі өтіп кеткені анықталған. Соған қарамастан олар саудаланып келген. Бұл сынамалар Петропавлдағы «Феникс» дүкенінен, Ақжар ауданы Талшық ауылындағы «Жалын» ЖШС-дан, Аққайың ауданы Ленинское ауылындағы «Астана» дүкенінен, Жамбыл ауданы Пресновка ауылындағы «Лакомка» мен Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылындағы «Нұр Астана» дүкендерінен алынған.

«Көптеген жағдайларда сәйкессіздік өнімнің заттаңбасында анықталады. Яғни дайындау күні, әзірлеуші ел көрсетілмеген, мемлекеттік тілге аударылмаған болып шықты. Сәйкессіздіктің үлкен үлес салмағы балық пен балық өнімдерінде анықталды, барлығы 101 сынама алынған.  Өңірдің ішкі нарығындағы барлық сәйкес келмейтін өнімдердің ең көп пайызын шеттен келген өнімдер құрайды  - 92,2%»,- дейді департамент бастығы Серікбай Қасмақасов.

Мамандардың айтуынша, тексеріс қорытындысы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы 35 хаттама толтырылған.  Ереже бұзғандарға  2 млн 165 мың теңге айыппұл салынды. Қазақстан Республикасы заңының талаптарын бұзуды жою туралы 114 жазбаша өкім берілді. Техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімдер: 12 кг 400 г ет өнімі, 12 кг 640 г құс еті жойылды.