СҚО экологтары Есіл өзенінің жағдайына мониторинг жүргізді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында экологтар Есіл өзенінің ірі кәсіпорындар орналасқан жерінен сынама алып, суда ластаушы заттардың бар-жоғын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Есіл өзенінің жай-күйіне мониторингтік бақылаулар өңірдің ірі кәсіпорындарының эмиссияларын мониторингілеудің жоспар-кестесіне сәйкес жүргізілді.

Зерттеу үшін «СевКазЭнерго» АҚ, «Қызылжар су» ЖШС, «Тазарту, су өткізу және су бұру құрылыстары» ШЖҚ РМК, сонымен қатар «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК «Есіл су» филиалы Есіл, Булаев және Есіл өндірістік учаскелері төгінділері бар жерлер алынды.

Мамандар сынама алу арқылы судағы мұнай өнімдерінің, фенолдың, нитраттың, нитриттің, кальцийдің, магнийдің, хлоридтердің, сульфаттардың, фторидтердің, темірдің, алюминийдің, мыстың, мырыш пен никель сияқты басқа да заттардың максималды деңгейін анықтады.

Жүргізілген талдаулардың нәтижесі бойынша ірі кәсіпорындар төгінділерінің Есіл өзенінің жай-күйіне әсері жоқтығы анықталды. Экологтардың айтуынша, судағы заттардың құрамы шекті рұқсат етілген концентрациядан аспайды.

Жалпы биыл департамент мамандары 188 су сынамасын алып, 964 ластаушы заттардың концентрациясына тексерді.

Ақерке Дәуренбекқызы