СҚО энергетиктері қыста жарық пен жылудан кідіріс болмайтынын мәлімдеді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында биылғы жылыту маусымына дайындық қорытындыланды.
Петропавлда «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму, экология және аграрлық сектор жөніндегі кеңестің бірлескен отырысы өтті.
Энергетиктердің айтуынша, Петропавлдағы № 2 жылу-электр орталығы қыста жұмыс істеуге толық дайын және ресми түрде дайындық актісін алған. Биыл тек жоспарлы жөндеу жұмыстары ғана емес, ірі жаңғырту жобалары да жүзеге асқан.
Бұған дейін аталған станцияның техникалық жағдайы жұртшылық арасында алаңдаушылық тудырған еді. Жабдықтар ондаған жыл бойы тозған күйде жұмыс істеп келген. Қазандықтар мен турбоагрегаттардың пайдалану мерзімі 50 жылға жуықтаған. Генерациялау жабдықтарының тозу деңгейі 50-60% асып кеткен. 2022 жылы мұржаның құлауы — станция нысандарының тозғанын және қаржыландырудың жеткіліксіздігін көрсетті.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас инженері Пётр Богдановтың айтуынша, жөндеу жұмыстарына 26,8 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Қазандықтар мен турбиналарға күрделі жөндеу жүргізіліп, мұржалар тексерілді. Жаңа темірбетон мұржа биыл іске қосылады. Станция қоймасында 169 мың тонна көмір бар. Бұл — алдағы қыс маусымын қиындықсыз өткізуге жеткілікті.
— Орталық жылыту маусымына 100% дайын. Ең бастысы — біз алға жылжып, мәселелерді біртіндеп шешіп жатырмыз. Зиянды шығарындыларды бақылау жүйелерін орнатып, жабдықтарды жаңартып, турбиналарды қайта жаңғыртудамыз. Бұл станцияның сенімділігін арттырып, қала экологиясына жағымды әсер етеді, — деді Пётр Богданов.
Бұған дейін Петропавлда жылыту маусымы басталғанын жазған едік.