СҚО-ға биыл қар жылдағы нормадан 3 есе көп жауған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл қар қалың жауған. Күздегі жаңбыр да әсер етіп, жер 1,2 метрге дейін тоң болып қатып қалған. Салдарынан биыл көктемде өңірде су тасқыны болу ықтималдығы жоғары. 

Фото: Максат Шагырбаев / Kazinform

«Қазгидромет» РМК СҚО бойынша филиал директоры Қымбат Мерғалимованың айтуынша, өңірде 19 гидрологиялық бекет бар. Аймақта көктемде су тасқынының болу-болмау жағдайын болжау үшін қыс алдындағы топырақтың, қыс соңындағы қардың ылғал мөлшері, жердің қату тереңдігі, көктемнің ерте-кеш шығуы, су қоймаларының толуы есепке алынады. Көрші Ақмола облысындағы жағдай да ескеріледі. Мәселен, Сергеев су қоймасы қазіргі уақытта 88%-ға жеткен, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артық.

«Күз жылы және жауынды-шашынды болды. Алқаптарды бағыттық зерттеу барысында 1 метрлік топырақтағы ылғал қоры 52-164 мм құрады, бұл нормадан 76% жоғары. Биылғы 10 қаңтардағы жағдай бойынша облыста қыс мезгілінде 52-155 мм мөлшерінде қар жауған. Жалпы өңірдің басым аумағында жауған қар қалыңдығы көп жылғы белгіден 1,5-2, кей жерлерде 3 есеге дейін жоғары. СҚО-да норма – 29-58 мм. Оның ішінде Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда 154,6 мм қар жауса, Аққайың ауданында ең төменгі көрсеткіш - 52 мм болған. Сондай-ақ тоң болып қатқан жер қалыңдығы биыл 123 см-ге жетіп отыр», - дейді Қымбат Мерғалимова.

Маманның айтуынша, биыл қардағы ылғал мөлшері де жылдағы нормадан 33-83%-ға артық. 

«Ақпан айында ауа райы қаңтардағыдай сақталады, яғни, қар жауады, боран да сақталады. Орташа ауа температурасы 13,0…-14,5 С шамасында болмақ, бұл нормадан 1…2С жоғары. Наурызда ауа температурасы жылдағыдан 2°С жоғары және жауынды-шашынды болмақ. Айдың соңғы бес күндігінде қарт күрт ери бастайды», - дейді Қымбат Мерғалимова. 

Синоптиктер су тасқынына қатысты негізгі болжамды 5 наурызда береді.