Өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Ринат Елжасов азаматтардың жекелеген санаттарына мемлекеттік қолдау көрсету бойынша атқарылып жатқан жұмыспен таныстырды.
СҚО азаматтарды жұмыс күші артық өңірлерден көшіру бойынша бағдарламаға белсенді қатысып келеді.
Маманның айтуынша, былтыр квотаға сәйкес 2 556 адам немесе 681 отбасы жұмыс күші артық өңірлерден келді.
«Еңбекке қабілетті 974 адамның 820-сы немесе 84% жұмыспен қамтылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 652 адам қабылданса, кәсіпкерлікпен 168 адам айналысып жатыр, оның 111-і 136 млн теңгеге өтеусіз гранттар мен кредиттер алды.
Келгендердің ішінде 1252 – бала, 66 студент және 63 зейнеткер бар. Декреттік демалыста 201 әйел отыр», - дейді Ринат Елжасов.
Биыл да бұл бағдарлама жалғасады.
«Қазіргі уақытта оларды қоныстандыру үшін елді мекендердің тізбесі бекітілді. Келген азаматтарға материалдық көмек көрсету, оның ішінде көшуге және тұрғын үйді жалға алуға субсидиялар төлеу көзделген.
Сондай-ақ, биыл тұрғын үй сатып алу, салу үшін экономикалық ұтқырлық сертификатын немесе 4 млн теңгеге дейінгі мөлшердегі ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаны ұсыну көзделген», - дейді басқарма басшысы.
Жыл басынан бері облысқа жұмыс күші артық өңірлерден 148 отбасы - 483 адам қоныс аударды. Көшіп келгендердің 31% Астана қаласынан, 26% Түркістан облысынан және 11% Шымкент қаласынан келген.
Қандастардың 25 отбасы немесе 48 адам көшіп келді. Соның ішінде Ресейден 18 отбасы - 24 адам, Моңғолиядан 3 отбасы - 13 адам, Ираннан 2 отбасы - 6 адам, Өзбекстаннан 4 мүшесі бар бір отбасы және Қырғызстаннан бір адам қоныс аударды.
«Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, 2023-2025 жылдарға арналған қоныс аударуды ынталандыру жөніндегі жол картасы әзірленді.
Осы карта аясында 3 жыл ішінде мемлекеттік қолдау шараларын көрсете отырып, 8 мыңнан астам адамды көшіру жоспарланған. Осы жылдар ішінде барлығы 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құра отырып, 11 инвестициялық жобаны іске асыру міндеті тұр. Өңірде кадрларға қажеттілік бар.
Бұл жұмыс орындарына жергілікті тұрғындар да жұмысқа орналаса алады, оларға да жұмыс беріледі», - дейді Ринат Елжасов.