СҚО-ға Чехиядан Пржевальский жылқыларын әкелу мәселесі қаралып жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысына Еуропа елдерінен, соның ішінде Чехиядан Пржевальский тұқымды жылқыларын жеткізу мәселелері қарастырылып жатыр.
СҚО әкімдігінің мәліметінше, өңірге Чехия Парламенті депутаттар палатасы төрағасының орынбасары Ян Бартошек және Қазақстандағы Чехияның Елшісі Павол Шепеляк жұмыс сапарымен келді. Әкімдікте өткен кездесу барысында екіжақты әріптестік жайы сөз болды. Екі ел арасында әсіресе ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастық орнаған.
— Чехия бизнесін Солтүстік Қазақстан облысындағы инвестициялық жобаларға қатысуға шақырдым. Біздің өңір ашық диалогқа және бірлескен перспективалы бастамаларды іске асыруға дайын. Серіктестігіміз нығая түсетініне сенімдімін. Сонымен қатар, Пржевальский тұқымды жылқыларын Еуропа елдерінен, соның ішінде Чехиядан, тарихи Отанына — Қазақстанға қайтару бойынша келісімдер аясында жүргізіліп жатқан маңызды жұмысты ерекше атап өттім. Бұл — тарихи және табиғи мұраны сақтау жолындағы маңызды қадам. Өйткені, дәл Солтүстік Қазақстан облысы — Ботай мәдениетіне тән осы бірегей жылқылардың қолға үйретілген отаны болып саналады, — деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Чехия делегациясы Петропавлдың тарихи нысандары мен көрнекті орындарын аралады. Әсіресе, зауыт аумағында сақталған казармалар ерекше қызығушылық тудырды — кезінде бұл жерде чехословак легионерлері орналасқан болатын.
Бұған дейін Чехияда жаңа мемлекеттік визуалдық стиль бекітілетінін жазған едік.