СҚО-ға Қарағандыда шығарылған «Спутник V» вакцинасы жеткізілмек
СҚО-ның бас санитар дәрігері Әсет Жұматаев өңірдегі коронавирус бойынша жағдайды брифингідете айтып берді.
«Қаңтар айының ортасынан бастап облыста коронавирус жұқтырғандар саны өсіп, күнде орташа 100-110 жағдайдан тіркеліп отырды. Осыған байланысты карантиндік шектеулерді қатаңдатуға тура келді. Нәтижесінде эпиджағдай тұрақталып отыр. Өткен аптамен салыстырғанда ауырғандар саны 1,5 есеге азайған. Қазір тәулігіне жаңадан орта есеппен 60-62 жағдай тіркеледі. СҚО – «сары аймаққа» кірді», - деді Әсет Жұматаев.
Мәселен өткен тәулікте СҚО-да 68 адамда КВИ анықталған. Қазір жұқтырғандардың жалпы саны – 11 568.
Ауырғандар санының азаюына байланысты 13 ақпаннан бастап өңірде бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы күшіне енеді.
«Бірқатар нысанның жұмыс істеуіне рұқсат бердік. Карантин талаптарын жеңілдету – облыстан вирус кетті деген сөз емес. Ол біздің қасымызда. Кез келген уақытта жұқтыруымыз мүмкін. Сол себепті барлығын санитариялық талаптарды орындауға шақырамын. Маска тағу, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау, халық көп жүретін жерлерге бармау, қолды жиі жуу – күнделікті әдетке айналғаны жөн. Сондай-ақ қауіпті вирустан сақтанудың тағы бір тиімді жолы – вакцина алу. Вакцина қоюға шақырған жағдайда одан бас тартпай, егіліңіз. Бұл өз басыңызды ғана емес, жақындарыңыздың да денсаулығын сақтауға көмектеседі», - деді СҚО-ның бас санитар дәрігері.
Маманның айтуынша, облысқа ақпан айының екінші жартысында Қарағандыдағы фармацевтикалық кешенде шығарылған «Спутник V» вакцинасы жеткізіледі. Вакцина тегін салынады.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінге дейін 1025 адам коронавирусқа қарсы вакцина алды. Екпе егілгендердің жағдайы жақсы.