СҚО-ға қоныс аударушыларға қандай қолдау шаралары бар

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударушыларға материалдық көмектен бөлек, бірқатар қолдау шаралары бар.

СҚО әкімдігінің мәліметінше, Еңбек мобильділігі орталығында бейімдеу және интеграция бөлімі жұмыс істейді. Мұнда кеңес беру, ақпараттық, аударма, оқу және басқа да бейімдеу қызметтері ұсынылады. Этникалық қазақтар мен олардың отбасылары қандас мәртебесін алғанға дейін 10 күнге дейін уақытша орналастыру орталығында тегін тұра алады.

Қоныс аударушыларға тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық қарызды жабу үшін бір реттік ақшалай көмек; көшіп келу, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу шығындарын өтеу; жаңа мекенде жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікпен айналысуға жәрдемдесу; жұмыс берушіден сұраныс болған жағдайда кәсіби оқыту сияқты қолдау шаралары бар.

Биылғы төлемдер көлемі:

— көшіп келу үшін — 70 АЕК (әр отбасы мүшесіне 275 240 теңге);
— тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге — 15–30 АЕК аралығында (ай сайын бір жыл бойы отбасы құрамы мен орналасқан жеріне байланысты 58 980–117 960 теңге аралығында);
— экономикалық мобильдік сертификаты — 1160 АЕК (4 561 120 теңге), бұл тұрғын үйдің құнының 50%-ын жабады. Қалған соманы қоныс аударушы өзі төлеуі қажет.

Мамандардың айтуынша, сонымен қатар, өңірде жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары. Осы жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша, СҚО аудандарында 881 бос жұмыс орны бар, оларға 1305 адам қажет.

Ең сұранысқа ие мамандықтар қатарында электр тарату желілерін пайдалану жөніндегі электромонтер (114 орын), ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі (45 орын), математика пәнінің мұғалімі (40 орын), орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі (32 орын), мал шаруашылығы кешендері мен механикаландырылған фермалардың операторы (30 орын) бар.
Яғни ауылдық жерлерде, әсіресе энергетика, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларында білікті мамандарға деген сұраныстың жоғары.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Иран мен Қытайдан оралған қандастардың теріскейдегі тыныс-тіршілігі туралы жазған едік.