«Біздің депутаттың сауалымызға Елбасының Жолдауына сәйкес, еңбек нарығын жаңғырту мақсатында еңбеккерлерді артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныстандырудың өзекті мәселелері арқау болды. Осы мемлекеттік тұрғыдан алғанда, аса маңызды істің жергілікті жерлерде орындалуы қанағаттанарлықтай емес. Өткен жылы Үкімет қаулысымен жұмыс күші артық өңірлерде тұратын отбасыларды жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныстандыруға бөлінген 463 квотаның 196-сы ғана игерілген. Яғни тиісті тапсырма небәрі 42 пайызға орындалған. Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысы ғана айрықша мүдделілік танытып, өткен жылы квотадағы 110 отбасының орнына 129 отбасыны қабылдады»,-деп тоқталды депутат.
Бұл тұрғыда ол алдағы уақытта тұрғындарды жұмыс күші артық өңірлерден еңбек күші жетіспейтін облыстарға қоныстандыру шараларының қарқыны мен ұтымдылығын арттыру мақсатында тиісті ұсыныстарды жария етті.
«Біріншіден, қоныс аударушыларды қабылдаудың 2017-2019 жылдарға өңірлік квотасын бөлу мәселесін қайта қарау қажет. Өткені үстіміздегі жылы артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге 288 отбасыны қоныстандыру белгіленген. Алайда бұл жеткіліксіз. Себебі бір ғана Солтүстік Қазақстан облысы биыл квотадағы 110 отбасының орнына 310 отбасыны қабылдауға дайын екендігін мәлімдеп отыр», - деді К. Мұсырман.
Оның пайымынша, жұмыс күші артық өңірлер тұрғындарының еңбек күші жетіспейтін облыстарға бірнеше отбасы болып, шоғырлана көшкенін ұйымдастырған жөн. Мұның өзі, олардың барған жерлеріне тезірек бейімделуіне оң әсерін тигізеді.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша қоныс аударушылардың тұрғын үйді жалға алуына бөлінетін қыруар қаржыға олардың өздері көшіп баратын елді мекендердегі босап тұрған үйлерді сатып алуына рұқсат беру керек. Бұған қоса, қоныс аударушылардың өздері үшін тұрғын үй салуына мүмкіндік туғызу және оларды тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажет. Бұл шаралар жергілікті атқарушы органдардың қоныс аударушыларды баспанамен қамтылуын әлдеқайда жеделдетері сөзсіз. Үкімет бөлген квотаның өткен жылы толық игерілмеуінің негізгі себебі осы екендігі ескерілуге тиісті», - деді депутат.
Сонымен қатар ол тұрғын үйді жалға алу келісімшартында егер қоныс аударушының отбасы кемінде 5 жыл бойы тұрған жағдайда оған сол тұрғын үйді тегін жекешелендіру құқығы берілуін қарастыру керектігін ұсынды.
«Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының қоныс аударушыларды қабылдауға әлеуеті бар елді мекендердің тізбесін жасап, олардағы білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінің оқушылар мен тұрғындардың санының азаюына байланысты жабуға мораторий жариялаған жөн», - деді Кәрібай Мұсырман.