СҚО-ға тасқынмен күреске келген құтқарушылар бүгін үйлеріне аттанды

Фото: Фото: СҚО әкімдігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысына су тасқынымен күреске басқа өңірлерден келген Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері бүгін үйлеріне қайтты.

«Күшіміз бірлікте!» деп аталған салтанатты іс-шара Петропавлдағы орталық көшелердің бірінде өтті. Бұл рәсімге ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов, құқық қорғау органдарының, әскери құрылымдардың басшылары, осы күндері бел жазбай жұмыс істеген құтқарушылар, әскери қызметшілер мен волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер және жұртшылық қатысты.

Фото: СҚО әкімдігі

Соңғы апта облыс үшін аса күрделі өтті. Тепличное, Прибрежное елді мекендерін және Заречный кентін су басуына жол бермеу үшін жігіттер тәулік бойы, қолайсыз ауа райына қарамастан жұмыс істеді. Көмекке ТЖМ, Астана қаласының, Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарының құтқарушылары, М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясының курсанттары, ТЖМ 28237, 52859 әскери бөлімшелерінің сарбаздары — барлығы 700±ге жуық адам келді. Бұл еңбек нәтижесін берді. Олардың еңбегі нәтижесіз болған жоқ — аталған елді мекендерде тұрғын үйлерге су кірген жоқ. Қазіргі таңда өңірдегі жағдай тұрақталып келеді.

Фото: СҚО әкімдігі

— Құтқарушылар күрделі су тасқыны кезеңінде көмекке келіп, өңіріміз үшін сенімді тірек болды. Олар тәулік бойы, тізеден мұздай суда тұрып, дауыл мен суыққа қарамастан, бөгеттерді бекітіп, ауылдар мен адамдарды сақтап қалды. Солтүстікқазақстандықтардың атынан әрбір құтқарушыға ризашылығымды білдіремін.

Сондай-ақ, жігіттердің ата-аналары бен отбасыларына шын жүректен алғыс айтамын. Олардың тәрбиесі арқасында елімізде осындай батыл, рухы мықты, нағыз қорғаушылар өсіп шықты. Кәсібилік, төзімділік пен адамгершіліктеріңіз үшін рақмет, — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Фото: СҚО әкімдігі
Фото: СҚО әкімдігі
Фото: СҚО әкімдігі

Бұл күні, сондай-ақ 32 адамды Шыңғыс Әрінов марапаттады. Олардың сегізіне ведомстволық медальдарды, қалғаныны алғыс хаттарды табыс етті. Өңір басшысы да өз атынан 32 адамды марапаттады.

Көмекке келген бөлімшелер іс-шара соңында колонна құрап, үйлеріне аттанды.

Естеріңізге салайық, СҚО-да су тасқыны басталғалы 148 адам, соның ішінде 24 бала эвакуацияланғанын жазған едік.