СҚО-ға тасқынмен күреске көрші облыстардан құтқарушылар көмекке келді

Фото: Фото: СҚО ТЖД баспасөз қызметі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда бүгін-ертең су тасқыны шарықтау шегінен өтеді. Барлық арнайы қызмет қазір қауіп төнген елді мекендер жанында бөгеттерді нығайтып жатыр. 

Есіл өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданы мен Петропавлдың Заречный кентінде жағдай күрделене түскен.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, таңғы сағат 8.00-ден бастап сағат 16.00-ге дейін облыс орталығында су деңгейі 12 см көтерілді. Қауіпті деңгей 1 130 см болса, қазір 1 145 см-ге жетті. Су әлі келіп жатыр. 

Фото: СҚО ТЖД баспасөз қызметі

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өңірдегі жедел қызметтердің іс-қимылын үйлестіріп, бөгеттерді нығайту жұмыстарына инспекция жүргізді, күшейтілген режимде су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын бақылауға алды. 

Фото: СҚО ТЖД баспасөз қызметі

Су тасқынына қарсы іс-шараларға ТЖМ, ІІМ, жергілікті атқарушы органдардың Ұлттық ұланның және ТЖМ әскери бөлімдерінің жеке құрамынан 1 600-ден астам адам, 152 арнайы техника жұмылдырылды.

– Қазіргі уақытта Прибрежное, Тепличное және Петропавлдағы Заречный кенті маңындағы бөгеттер нығайтылып жатыр. Астана қаласынан, Ақмола, Қостанай облыстарынан және М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясынан әріптестеріміз көмекке келді. Қазір Тепличное елді мекенінен тұрғындар өз еркімен эвакуацияланып жатыр. Күрделі жағдай туындаса азаматтардың қауіпсіздігі үшін бәрін қауіпсіз жерге көшіретін боламыз, - деді СҚО ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығының бастығы Владимир Хутинаев. 

Фото: СҚО ТЖД баспасөз қызметі

Бұған дейін СҚО-дағы Тепличное ауылынан тұрғындарды эвакуациялап жатқанын жазған едік.