СҚО-ға туристердің көптеп келуіне не кедергі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында әлі күнге туризм саласының дамуына әсер етіп отырған бірнеше өзекті мәселе бар.

Фото: СҚО әкімдігі

Бұл мәселелер СҚО Кәсіпкерлер палатасында Туризм және қызмет көрсету саласы мамандарының қатысуымен өткен жиында көтерілді. Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, отырысқа «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Инвестициялар департаменті директорының орынбасары Назгүл Узалина да қатысты.

Кәсіпкерлердің айтуынша, әсіресе Имантау-Шалқар курорттық аймағында мобильді байланыс пен интернеттің нашарлығы туристер үшін елеулі қолайсыздық туғызады. Петропавлдан шамамен 20 шақырым алыстағаннан кейін ұялы байланыс сапасы төмендей бастайды. Бұл навигацияға ғана емес, демалушылардың қауіпсіздігіне де әсер етеді.

Фото: СҚО Кәсіпкерлер палатасы

Туризм жөніндегі салалық кеңестің төрағасы Владимир Витченко бұл мәселе бірнеше рет көтерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, байланыс операторлары курорттық аймақта абоненттік трафиктің маусымнан тыс уақытта аз болуына байланысты мұнда базалық станция орнатуды экономикалық тұрғыдан тиімсіз санайды.

— Бұл мәселені біз СҚО Кәсіпкерлер палатасының алаңында бірнеше рет көтердік. Сондай-ақ ҚР Цифрлық даму және инновациялар министрлігіне хат жолдап, облыстың туристік нысандарында тұрақты мобильді байланыстың жоқтығы мәселесін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының проблемалық мәселелер тізімінен алып тастамауды сұрадық. Министрліктің жауабы көңілден шықпады. Өйткені онда тиісті жұмыстар 2027 жылы жүргізілетіні айтылғанымен, оны кім атқаратыны, қаржы қайдан бөлінетіні және қай тараптың қандай міндетті мойнына алатыны көрсетілмеген, яғни, мәселе ашық күйінде қалып отыр. Мұнда инвестиция тарту қажет болуы мүмкін. Мәселен, ұялы байланыс операторларына қолдау көрсетіп, базалық станциялар орнатуына жағдай жасау керек, — дейді Владимир Витченко.

Фото: СҚО Кәсіпкерлер палатасы

Мәселені шешудің бір жолы — операторларға антенналық-діңгектік құрылыс орнатып, оған электр желісін тартып беру. Осы жұмыстар атқарылса, байланыс операторларының аймаққа кіру мүмкіндігі артады.

Алайда кәсіпкерлер мұндай инфрақұрылымды аудандық бюджет есебінен ғана салу қиын екенін айтып, инвестициялық қолдаудың қажеттігін алға тартты.

Курорттық аймақтардағы тағы бір өзекті мәселе — тұрмыстық қалдықтарды шығару. Қолданыстағы экологиялық талаптарға сәйкес, ұлттық парк аумағында қоқыс полигонын орналастыруға болмайды. Соның салдарынан Имантау-Шалқар курорттық аймағында жұмыс істейтін 48 демалыс базасы қоқысты шамамен 90 шақырым жерге тасымалдауға мәжбүр.  Бұл кәсіпкерлер үшін қосымша шығын. Әсіресе туристер көп келетін жазғы маусымда қоқыс көлемі артатындықтан, мәселе одан сайын күрделене түседі. Кәсіпкерлердің пікірінше, бұл мәселенің шешілмеуі заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына да әсер етуі мүмкін. Қоқыс төгу проблемасы сегіз жылдан астам уақыт бойы көтеріліп келеді. Сондықтан кәсіпкерлер оны заңдық тұрғыда шешу қажет деп санайды.

Жиында балалар-жасөспірімдер және студенттік сауықтыру туризмінің қазіргі жай-күйі де сөз болды. Владимир Витченконың айтуынша, өңірде 200-ден астам балалар сауықтыру лагері жабылған. Қолданыста қалған нысандардың басым бөлігі тек жаз айларында жұмыс істейді.
Мұның бір себебі — нысандарды сенімгерлік басқаруға немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы инвесторларға беру мерзімінің қысқалығы. Кәсіпкерлердің сөзінше, орта есеппен бес жылға жасалған келісім инвестордың қомақты қаржысын қайтаруына жеткіліксіз.

Сондықтан бизнес өкілдері мұндай нысандарды инвесторларға 20-30 жылға дейін ұзақ мерзімге беру, сондай-ақ жыл бойы жұмыс істейтін балалар сауықтыру кешендерін салуға мүмкіндік жасау қажет деп есептейді. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау мен субсидиялау тетіктерін нақтылауды ұсынып отыр.

Фото: СҚО Кәсіпкерлер палатасы

Жиын барысында айтылған ұсыныстар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Инвестициялар департаментіне жолданды. Кәсіпкерлер көтерген мәселелер егжей-тегжейлі зерделеніп, қажет болған жағдайда Үкімет деңгейіне шығарылмақ.

Бұған дейін Ақтөбе туризмінде қандай түйткіл бар екенін жазған едік.