2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

СҚО кәсіпкерлері көбіне қандай мәселемен көмек сұрап жүгінеді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға қатысты 9 айда 83 өтініш қаралып, оның 41-і оң шешімін тапты.

Фото: ҚР Үкіметі

Нәтижесінде бизнес өкілдерінің 180 млн теңгеден астам мүліктік құқығы қорғалды. Кәсіпкерлер ең көп мемлекеттік сатып алу, салық және бухгалтерлік есеп, сондай-ақ субсидия мәселелері бойынша көмек сұраған. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша 9 айдағы жұмыс қорытындысын жариялаған жиында мәлімдеді.

Кәсіпкерлер палатасына көбіне диқандар мәселелерімен жүгінген. Бұл барлық өтініштің — 33%. Одан кейін жұмыс және қызмет көрсету саласы — 22%, сауда және сыртқы экономикалық қызмет — 15%. Қалған 30% басқа бағыттарға тиесілі.

Кәсіпкерлер ең көп мемлекеттік сатып алу, салық және бухгалтерлік есеп, сондай-ақ субсидия мәселелері бойынша көмек сұраған. 

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауда прокуратура мен Экономикалық тергеу департаментінің көмегі көп. Осындай бірлескен қабылдаулар мен түсіндіру кездесулерінің нәтижесінде кәсіпкерлердің 7 мәселесі оң шешімін тапқан.

Кәсіпкерлер мен Палата өкілдері өңірдегі 48 консультативтік-кеңесші органның жұмысына қатысады. Жыл басынан бері олардың 179 отырысында кәсіпкерлікке қатысты 292 мәселе қаралған.

Қазіргі таңда жергілікті кәсіпкерлер көтерген 73 мәселе республикалық деңгейдегі проблемалар тізіліміне енгізілген. Оның 14-і биыл ұсынылған. Бұл мәселелерді шешу үшін жалпыұлттық заңнама мен заңға тәуелді актілерге өзгерістер енгізу қажет.

Бұған дейін СҚО кәсіпкерлері өндірісті дамытуға кедергі болып тұрған мәселелерді атағанын жазған едік.