Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысына келген Палатаның Инвестициялар департаменті директорының орынбасары Назгүл Узалина айтты.
- Біз жобаларды жергілікті деңгейде де, орталық деңгейде де сүйемелдейміз. Өңірлік палаталарға инвестициялық штабтарда дауыс беру құқығы берілді. Бұл өзгерістер Кәсіпкерлік кодекс пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы заңға енгізілді, - деді Назгүл Узалина.
Оның айтуынша, орталық деңгейде шешуді қажет ететін мәселелер Үкіметтің Жобалық кеңсесіне шығарылады. Кейбір проблемалар Бас прокуратурамен бірлесіп шешіледі.
- Келесі қадам - барлық инвестициялық жобаларды идея кезеңінен бастап жаңартылған Ұлттық цифрлық платформа арқылы жүргізу. Бұл жобалардың жергілікті деңгейде негізсіз алынып тастауына жол бермейді, - деді Назгүл Узалина.
Осы мақсатта «Атамекен» ҰКП өкілі СҚО-да кәсіпкерлермен кездесіп жатыр. Кәсіпорындардың өндірістік жобаларын іске асыруға кедергі келтіріп отырған мәселелер мен айтылған ұсыныстар кейін Үкімет пен тиісті министрліктер деңгейінде қаралмақ.
Петропавлдағы «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының резиденттері өндіріс орындарын дамытуға кедергі келтіріп отырған бірқатар мәселеге назар аударды. Кәсіпкерлер қаржыландыру, логистика, электр қуаты, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізу мәселелерін көтерді.
Кәсіпкерлердің айтуынша, өндірісті жолға қою кезінде қаржылық және көлік мәселелерімен қатар, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен өзара іс-қимыл барысында да бірқатар қиындық туындаған.
Атап айтқанда, инвесторлар көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге отыру және отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілу кезінде кедергілерге тап болып отырғанын айтты.
Өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім аясында кәсіпорындарға өндірісті жергіліктендіру және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер жүктеледі. Оның орнына мемлекет компанияларға бірқатар, соның ішінде салықтық жеңілдік береді. Кәсіпкерлердің пікірінше, мұндай қолдау болмаса, Қазақстандағы өндірістің бәсекеге қабілеттілігін сақтау қиын.
Мәселен, «QILU Агро» ЖШС өңірде трактор өндірісін дамытып жатыр.
- 2023 жылы тіркеліп, 2 мың шаршы метр аумақта алғашқы кезеңді аяқтадық. Жабдықтарды әкеліп, өндірісті жергіліктендіруді бастадық және тракторлардың алты моделін сертификаттадық. Қазір аумағы 5200 шаршы метр болатын екінші цехтың құрылысын жүргізіп жатырмыз. Ол жерде аспалы жабдықтар шығаруды жоспарладық, - дейді кәсіпорын өкілі Жаслан Чилу.
Алайда кәсіпорын әзірге отандық тауар өндірушілер тізіліміне ене алмай, субсидияларды пайдалана алмай отыр. Салдарынан фермерлерден де 15-20% жеңілдікті алып тастаған.
- Министрлікте егер Қазақстанда осындай компоненттерді шығаратын басқа кәсіпорын болса, өтінішке қол қойылмайтынын айтты. Сондай-ақ өтінім берген кезде кабиналар өндіретін дайын желінің бірден болуы талап етіледі. Яғни келісу кезеңінің өзінде қолдауды көріп тұрған жоқпыз, - дейді Жаслан Чилу.
Бұған дейін СҚО-да кәсіпкерлер логистика шығынының көбейгеніне шағымданғанын жазған едік.