СҚО-да кәсіпкерлер логистика шығынының көбейгеніне шағымданды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағындағы (АЭА) кәсіпкерлер өндірісті кеңейтуге кедергі келтіріп отырған бірқатар инфрақұрылымдық және әкімшілік мәселелерді көтерді.

кәсіпкерлер
Фото: Kazinform

СҚО кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, қазір АЭА аумағында 21 кәсіпорын жұмыс істейді. Логистикалық инфрақұрылымның жоқтығынан 9 кәсіпорын өз өнімдерін жеке теміржол тұйықтарына автокөлікпен жеткізіп, кейін қайта тиеуге мәжбүр.

Ағашты терең өңдеумен айналысатын зауыт басшысы Рустам Ғаббасовтың айтуынша, кәсіпорын ДСП және отын түйіршіктерін шығарады, дайын өнім Еуропаға жөнелтіліп жатыр. 

СҚО-да кәсіпкерлер логистика шығынының көбейгеніне шағымданды
Фото: СҚО кәсіпкерлер палатасы

— Қазір жеке тұйықты және көлік компаниясының қызметін пайдаланамыз. Өнімді тұйыққа апарып, сол жерде қайта тиеп, әрі қарай жөнелтеміз. Айына 20 вагон жіберсек, көлік компаниясының қызметіне шамамен 60 млн теңге жұмсалады. Яғни бір вагонды Еуропаға жөнелту үшін логистикаға 3 млн теңгеге дейін кетеді. Егер вагонда 25 млн теңгенің өнімі болса, оның шамамен 10% тиеу, тасымалдау және қайта тиеуге жұмсалады, — деді Рустам Ғаббасов.

Кәсіпкерлердің айтуынша, Петропавлдағы магистральдық теміржол желілері «Ресей темір жолдары» ААҚ-ның Оңтүстік Орал теміржолы филиалының қарамағында. АЭА аумағына теміржол тармағын қосу үшін техникалық шарттарды келісіп, мемлекетаралық рәсімдерден өту керек. Сондай-ақ ұзындығы 2,3 км жол құрылысына қажетті жеке жер телімдерін сатып алу мәселесін шешу қажет.

СҚО кәсіпкерлер палатасы
Фото: СҚО кәсіпкерлер палатасы

Осыған байланысты жергілікті кәсіпкерлер 21 кәсіпорынның әрқайсысы жеке-жеке РЖД-ға жүгінбей, мәселені Үкімет деңгейіне шығаруды сұрап отыр. 

Кәсіпкерлер үшін тағы бір өзекті мәселе — АЭА аумағына кіретін автокөлік жолдарының болмауы. Кейбір өндіріс орындарына ауыр жүк көліктері жете алмайды.
Ауыл шаруашылығы техникасына арналған тіркемелер шығаратын зауыт, сондай-ақ жеңілдетілген қаржыға қол жеткізе алмай отыр.

Кәсіпорын басшысы Ольга Вельдяксованың айтуынша, зауыт құрылысы 2022 жылы басталып, 2024 жылы толық өндірістік цикл іске қосылған. Кәсіпорын өндірісті кеңейтіп, жаңа жабдық сатып алмақ болған. Алайда қаржыландыру талаптарының өзгеруі бұл жоспарға кедергі келтірген.

СҚО кәсіпкерлер палатасы
Фото: СҚО кәсіпкерлер палатасы

— Біз «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы 500 млн теңгеге жабдық алуға өтінім бергіміз келген. Бірақ кейін талаптар өзгеріп, машина жасау саласындағы қор 1 млрд теңгеден басталатын ірі жобаларды ғана қаржыландыратыны айтылды. Сондықтан бізді екінші деңгейлі банктерге жіберді. Ал банктер үш жылдық қаржылық есепті талап етеді. 2022-2023 жылдары зауыттың өзі салынып жатқанын ескермейді. Соның салдарынан кәсіпорын шығынды ретінде бағаланып, бәрі несиелендіруден бас тартып жатыр», — деді Ольга Вельдяксова.

Оның айтуынша, кепіл мәселесі де бар. Зауыт орналасқан жер АЭА аумағынан 2044 жылға дейін жалға алынғандықтан, банктер ғимаратты кепіл ретінде қабылдауға сақтық танытып отыр.

— Бізге қазір металл табақтарын тазартуға арналған қондырғы қажет. Бірақ оны несиеге алу мүмкін болмай, жабдықты өз ақшамызға сатып алуға тура келіп отыр.
Зауытқа 2 млрд теңгеден астам инвестиция салдық. Сондықтан өндірісті кеңейтуге қажетті жабдықты алуға қандай да бір қолдау болса дейміз. Қаржы ұйымдары құрылыс кезеңі мен нақты өндіріс кезеңін ажыратып қарауы керек, — деді кәсіпорын басшысы.

Жинақталған ұсыныстарды «Атамекен» ҰКП-ның бейінді департаменті Үкімет пен тиісті министрліктердің қарауына шығармақ.

Бұған дейін СҚО кәсіпкерлері өндірісті дамытудағы негізгі мәселерді тізіп бергенін жазған едік.