СҚО кәсіпкерлері өндірісті дамытудағы негізгі кедергілерді атады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысына кей кәсіпкерлер өндірісті кеңейтуге дайын, алайда оларға мүмкіндік бермей отырған мәселелер аз емес.

ф
Фото: СҚО Кәсіпкерлер палатасы

Өңірге келген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Инвестициялар департаменті директорының орынбасары Назгүл Узалина бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысып, кәсіпкерлермен кездесті. 

Сергеевка қаласындағы «ЭкоМол Сергеевка» ЖШС тәулігіне орта есеппен 30-35 тонна сүт өңдеп, айына 30 тоннаға дейін сары май өндіреді. Табиғи сүт пен ірімшікті сақтау мерзімінің қысқалығынан өнім түрлерін азайтуға тура келген. 

Енді кәсіпорын басшылығы өндіріс көлемін ұлғайтып, жұмсақ балқытылған ірімшік шығаруды жоспарлап отыр. Бұл үшін жаңа желі мен қосымша жабдық қажет. Өндірісті дамытуға кедергі келтіріп отырған негізгі мәселелердің бірі - сүт өңдеуге берілетін субсидиялардың кешіктірілуі.

Ф
Фото: СҚО Кәсіпкерлер палатасы

- Бұған дейін субсидияны тоқсан сайын алатынбыз, кейін жарты жылда бір рет төленді. 2024 жылдан бастап жылына бір рет берілетін болды. Субсидиясыз іс жүзінде нөлге жұмыс істейміз. Өткен жылдардан бері берешек те жиналып қалды, - дейді зауыт директорының орынбасары Бақыт Рашитов.

Кәсіпкерлер көтерген тағы бір мәселе - отандық өнімнің ірі сауда желілеріне шығуы.

«ЭкоМол Сергеевка» ЖШС директоры Альбина Казкееваның айтуынша, заңнамада ретро-бонустарға шектеу қойылғанымен, сауда желілері оны басқа төлем түрлеріне алмастырған. 

- Отандық өндірушілерге көбіне бір-екі сөре ғана беріледі. Тауарыңды тағы қойғың келсе, сөрені жалға алу төлемі ретінде рәсімдейді. Қазақстандық өнім төменгі сөрелерде тұрады, ал Ресей мен Беларусьтен әкелінген май сатып алушының көз деңгейінде орналасады, - дейді кәсіпорын басшысы.

Оның айтуынша, Астана мен Алматыдағы ірі сауда желілеріне кіру құны да жоғары.

ф
Фото: СҚО Кәсіпкерлер палатасы

Кәсіпкердің есебінше, мұндай төлемдер өнім құнының 30% дейін жетеді.

Ал Петропавлдағы «Petro-Puh» ЖШС-і Қазақстандағы қауырсын мен қаз мамығын терең өңдейтін толық циклді жалғыз кәсіпорын. Жылына бір мың тоннаға дейін өнім өңдеуге қауқарлы зауыт жастық пен көрпе шығарып, шикізатын Еуропа мен Қытай нарықтарына жөнелтеді. Сонымен қатар кәсіпорын германиялық серіктестермен құс етін экспорттау жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.

2025 жылдан бері зауыт ауыл тұрғындары арасында әлеуметтік жобаны жүзеге асырып келеді. Кәсіпорын ауыл тұрғындарына қаз балапандарын береді. Тұрғындар етін өздеріне қалдырып, мамығы мен қауырсынын зауытқа өткізеді.

Алайда кәсіпорынның одан әрі дамуына өндірістік аймақтағы орталық кәріз жүйесінің болмауы кедергі болып отыр.

Кәсіпорын директоры Константин Вороновтың айтуынша, өндірістік ағын судың топыраққа сіңіп кетуіне жол бермеу үшін компания көлемі 100 текше метрден асатын септиктер орнатып, оған шамамен 70 млн теңге жұмсаған.

ф
Фото: СҚО Кәсіпкерлер палатасы

- Бұл бизнес үшін өте қымбат. Мұнда басқа да көптеген өндіріс орындары бар. Орталық кәріз жүйесі тек біздің емес, бүкіл өндірістік аймақтың мәселесін шешер еді, - деді Константин Воронов.

Осы мәселенің шешімін қарастыру үшін СҚО Кәсіпкерлер палатасы «Қызылжар су» ЖШС-мен келіссөз жүргізбек.

Чапаево ауылындағы «Фабрика кормов» ЖШС-і YUMMI брендімен үй және қызметтік жануарларға арналған арнайы жем шығарады. Қазіргі өндіріс көлемі жылына 1 мың тоннаға дейін жетеді. Жаңа цех іске қосылғаннан кейін өңдеу қуаты айына 600 тоннаға дейін ұлғаяды. Бұдан бөлек, кәсіпорын консерві зауытын салуды және өнімдерін Қырғызстан мен Өзбекстан нарығына шығаруды жоспарлап отыр.

Алайда мұнда да өндірісті кеңейтуге электр қуатының тапшылығы кедергі келтірген. Кәсіпорынға қосымша 1 МВт қуат қажет.

Кәсіпкерге жергілікті атқарушы органдар өз қаражаты есебінен қосалқы станция салып, 35 МВт трансформатор орнатуды ұсынған. Кейін нысан энергия тасымалдаушы компанияның балансына берілуі тиіс. Кәсіпкердің пікірінше, мұндай шешім бизнеске айтарлықтай қаржылық салмақ түсіреді. 

Кәсіпорын өкілдері өндіріс шығынын төмендетудің тағы бір жолы ретінде ауданға газ жеткізудің маңызын атап өтті.

ы
Фото: СҚО Кәсіпкерлер палатасы

«Атамекен» ҰКП Инвестициялар департаменті директорының орынбасары Назгүл Узалинаның айтуынша, жұмыс сапары барысында көтерілген мәселелердің барлығы тиісті министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың қарауына ұсынылатын болады.
Бұған дейін Қазақстанда әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігі 54%-ға жеткенін жазған едік.