СҚО Қызылжар ауданында қалдықтар полигоны жабылып, жақын маңдағы ормандар қоқысқа толды

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылы маңындағы рұқсатсыз жұмыс істеген қоқыс полигоны жабылғанымен, орнына жаңасы ашылған жоқ. 

Қызылжар аудандық әкімдігі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына Трудовая Нива және Чапаево елді мекені маңынан жер учаскесін бөлген. 

Ауыл тұрғындарының айтуынша, 6 га жер берілді. Бірақ бұл учаске мен елді мекендерді 1 км ғана бөліп жатыр. Сол себепті олар бұл жерде полигонның ашылуына қарсы.

Сол себепті Трудовая Нива және Чапаево елді мекендерінің тұрғындары СҚО бойынша экология департаментіне шағым түсірді. 

— Ауылдықтар елді мекендердің жанына тұрмыстық қоқысты рұқсатсыз тастап жатқанын айтты. Осы шағым негізінде департамент Қызылжар ауданы Бескөл ауылдық округ әкімдігі аппаратына жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Тексеріс нәтижесінде дерек расталды. Әкімдік жер учаскесін тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға бөлгенімен, оның қоршаған ортаға әсерін талдап, бағаламаған. Рұқсат берілген құжаттары жоқ.

Тексеру қорытындысы бойынша Бескөл ауылдық округ әкімдігі аппаратына бұл учаскені тұрмыстық қатты қалдықтардан босату жөнінде нұсқама берілді. Ал заңсыздыққа жол бергені үшін лауазымдық тұлға — Бескөл ауылдық округінің әкіміне әкімшілік құқық бұзу жөнінде хаттама толтырылды, — деді СҚО бойынша экология департаментінің бас маманы Игорь Гах.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Қазіргі уақытта Бескөл ауылдық округі әкімдігінің аппараты бұл жер учаскесін қоқыстардан тазарту жұмысын жүргізіп жатыр. 

СҚО-дағы Бәйтерек және Бескөл тұрғындарының мазасын қашырған қоқыс полигоны жабылғанына бір жарым айдан асқанымен, оның орнына жаңасы әлі ашылған жоқ.

Ауыл әкімі Гүлсім Кәрімова тұрғындарға қоқысты шамамен 30-40 шақырым жердегі Шаховское ауылының маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына апарып төгуге кеңес берді. Алайда, ол жаққа апарып төгіп жатқандар бүгінде некен-саяқ. Қазір елді мекендер жанындағы ормандар қоқысқа тола бастаған.

Бұған дейін СҚО-дағы Волошинка елді мекені екі айға жуық ауызсусыз отырғанын жазған едік.