Мәселен, биыл ең көп орын қызмет көрсету саласына бөлінген. Білім ордалары осы бағытта 450 студентті қабылдайды. Бұдан бөлек білім беру мен бизнес және құқық бағыттарының әрқайсысына 400 орыннан қарастырылған. Ауыл шаруашылығына — 400, құрылысқа — 350, ақпараттық технологияларға — 300, металл өңдеуге — 300 орын бөлінді.
Сонымен қатар көлік, энергетика, еңбекті қорғау, жеңіл өнеркәсіп, өнер және медицина салалары бойынша да мамандар даярланбақ.
СҚО білім басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта колледждерге түсу үшін 3 600 өтініш қабылданды.
Жаңа оқу жылында облыста техникалық және кәсіптік білім беретін 23 колледж жұмыс істейді. Онда 11 мыңнан астам студент білім алмақ. Ал бірінші курсқа 3 725 студент қабылдау жоспарланған.
— Колледж студенттерін болашақ мамандығына ерте бейімдеу мақсатында практикалық оқытуға басымдық беріліп отыр. Қазір 21 колледжде 23 мамандық бойынша 620 кәсіпорынмен бірлесіп дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Бұл жүйе студенттерге оқу барысында алған теориялық білімін тікелей өндірісте тәжірибеден өткізуге мүмкіндік береді.
Жоспар бойынша дуалды оқытумен 2,5 мыңнан астам студент қамтылады. Бұл мемлекеттік білім беру тапсырысының шамамен — 28%, — дейді СҚО білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова.
Кәсіби дағдылармен қатар жастардың кәсіпкерлік қабілетін дамыту мақсатында 5 колледждің базасында шағын кәсіпорындар жұмыс істейді. Олар халыққа түрлі қызмет көрсетіп, жұмыс тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді.
Осыған дейін елімізде су саласына маман даярлайтын оқу орындарының саны 1,5 есе өскенін жазған едік.