Облыс әкімдігінің мәліметінше, Жанат Сексенбаев 44 жаста, Ақмола облысы Сандықтау ауданы Острогорка ауылының тумасы. Қазақ ұлттық музыка академиясын «Дирижер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ М.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінде іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолын Қазақ ұлттық музыка академиясында бастаған. Әр жылдары «Дегдар» гуманитарлық қорының бас координаторы, Астана ұлттық картиналар галереясы, Бейбітшілік және келісім сарайында концерттік қызметтің басшысы болып еңбек етті.
Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында арнайы жобаларды ұйымдастыру және концерт бөлімінің басшысы, директордың орынбасары қызметтерін атқарды. Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы бас директорының орынбасары болды.
Осы тағайындауға дейін Жанат Сексенбаев К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің орган залының сақтаушысы қызметін атқарды.
Бұған дейін Павлодар облысының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жаңа басшы тағайындалғанын жазған едік.