СҚО: мектеп оқушыларын тасымалдауда кей автобус жүргізушілері талаптарды сақтамаған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылғандығын анықтады. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 1632 оқушының құқығы қорғалды.

Павлодар облысында балаларды тасымалдау үшін 46 мектеп автобусы сатып алынды. Олар 6 аудандағы ауыл мектептеріне, сондай-ақ Екібастұз және Ақсу қалаларының ауылдық аймақтарына берілді.

Қадағалаушы органның мәліметінше, прокурорлар облыстың білім мекемелеріне тексеріс жүргізді. Айыртау және Уәлиханов аудандарында мектеп автобустарының жүргізушілері Жолаушыларды автомобиль көлігімен тасымалдау ережесінің 107, 108 тармақтарын бұза отырып, жолға шығу алдында медициналық тексеруден өтпей, 372 баланы тасымалдаған.

М.Жұмабаев және Аққайың аудандарының білім беру ұйымдарында көлік құралдарына техникалық қызмет көрсету туралы келісімдер жасалмаған. Сондай-ақ автобус жүргізушілері алкогольдік және есірткілік заттарды пайдалануды анықтау бойынша медициналық тексеруден өтпеген.

Аққайың ауданында 4 білім беру мекемесінің оқушылар автобустарында алғашқы медициналық көмек қобдишасы және апаттық белгісі болмаған.

Прокурорлардың актілері бойынша кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды, заңбұзушылықтар жойылды.

Бұған дейін елімізде биыл 3,8 млн бала оқу жылын аяқтайтынын айтқан едік.