СҚО білім басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта облыстың білім беру саласында 16 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Соған қарамастан, өңірде әлі де пән ұстаздарына қажеттілік бар.
— Математика пәнінің мұғалімдеріне сұраныс жоғары, қазіргі уақытта 17 маман қажет. Сонымен қатар 11 информатика мұғалімі, 14 әлеуметтік педагог және 12 психолог керек. Бос жұмыс орындарын толықтыру мақсатында мамандарды тарту жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта тиісті конкурстар ұйымдастырылып жатыр. Барлық бос жұмыс орындарын жабу жоспарланған, — дейді басқарма мамандары.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарының білікті басшылар корпусын қалыптастыру жұмысы да жалғасқан. Өткен бір жыл ішінде мектептер мен білім беру ұйымдарының басшылығына қатысты бос орындар саны 57-ден 31-ге дейін азайған.
Бұған дейін Қазақстандағы мектептерге әлі де 5 мыңнан астам мұғалім қажет екенін жазған едік.