СҚО мектептерінде қызметкерлердің құқығы жүйелі түрде бұзылып келген

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — СҚО прокуратурасы білім мекемелерінде тексеру жүргізіп, жұмысшылардың құқығы өрескел бұзылғанын анықтады.

Фото: Pixabay

Ақжар, Қызылжар, Уәлиханов аудандарының оқу орындарында Еңбек кодексінің 182-бабын бұза отырып, 524 қызметкер арнайы киіммен (мақта матадан тігілген халатпен, резеңке қолғаппен, оттан қорғайтын алжапқышпен, биялаймен және басқа құралдармен) қамтамасыз етілмеген.

Қызылжар ауданында кодекстің көрсетілген нормасына қайшы, жалпы білім беретін мектептерде үй-жай қызметкерлері резеңке қолғапсыз дезинфекция құралдарын пайдаланып, санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізген.

Сонымен бірге, кодекстің 33-бабын бұза отырып Ақжар ауданындағы 5 орта мектепте 10 жұмысшы еңбек шартын жасамай жұмыс істеген.

Петропавл қаласындағы жалпы білім беретін мектепте кодекстің 182-бабының талаптарын бұзып, басшылар мен жауапты тұлғаларды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту және білімін тексеру ұйымдастырылмаған.

Қадағалау органының актілері бойынша қызметкерлермен еңбек шарты жасалып, арнайы киім беру және лауазымды адамдарды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту шаралары жүріп жатыр.