СҚО мемлекеттік қызметшілері 1 мыңнан астам тәртіптік жауапкершілікке тартылған

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО әдеп жөніндегі кеңесінің отырысында 2016 жылдың қорытындысы жасалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының жетекшісі Дулат Тайшабай былтыр өңірдегі мемлекеттік органдардағы қызметшілер 1 177 рет тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Олардың 697-сі ескерту, 336-сы сөгіс, 70-і қатаң сөгіс, 67 қызметіне толық сәйкес еместігі анықталса, 7 маман орнынан босатылған. Ең көп жауапкершілікке тартылған жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері.

«2016 жылы 387 ескерту алдын ала алынған,  оның 228-сі жергілікті атқарушы органдарға қатысты», - деді Дулат Тайшабай.

Тәртіптік істерге келсек, былтыр осындай 23 мәселе қаралған. Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымы бойынша тәртіптік жауапкершілікке 20 мемлекеттік қызметші тартылған. ҚР АШМ агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық, Айыртау аудандық аумақтық инспекция басшылығы қызметінен босатылған. Шал ақын ауданы Сергеевка кентінің әкімінің қызметі төмендетілген.