СҚО музейлері «Жад өзені сарқылмас» тақырыбында телекөпірге қатысады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осыған орай «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК өңірлік музейлер арасында «Жад өзені сарқылмас» тақырыбында телекөпір өткізуді жоспарлаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК кіші ғылыми қызметкері Гүлзат Букешеваның айтуынша, «Жад өзені сарқылмас» жобасы көпшілікке танымал. Өйткені саяси қуғын-сүргін кезеңі әр қазақстандық отбасына әсер етті.

28 мамырға жоспарланған телекөпір онлайн режимде ҚР Ұлттық музейімен бірлесіп, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында өңірлік музейлер арасында өтеді.

«Бұл біздің тарихтағы ескерусіз қалмайтын қайғылы күн. Қазақстандағы сталиндік репрессияның шарықтау шегі 1937-1938 жылдарға келді. Кеңес кезеңінде 40 млн-ға жуық адам әр түрлі дәрежеде қуғын-сүргінге ұшырады.

Революцияға дейін қазақтар арасынан шыққан білімді адамдар бірнеше мыңды ғана құрады, олардың көпшілігі Алаш қозғалысына мүше болды. Саяси қуғын-сүргін салдарынан Алаш Орданың ең белсенді қайраткерлері «халық жауы» саналып, атылып кетті. Миллиондаған жазықсыз адамдармен күрес ГУЛАГ концлагерлерінің (Карлаг - Қарағанды лагері, Степлаг - дала лагері, АЛЖИР - Отанға опасыздық жасағандардың әйелдерінің Ақмола лагері) желісін құруға ықпал етті», - дейді Гүлзат Букешева.

«Жад өзені сарқылмас» телекөпіріне онлайн форматта барлық өңірдің мәдениет басқармаларының өкілдері, музей қызметкерлері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, өңірлік БАҚ өкілдері, сондай-ақ 1937-1945 жылдары туыстары мен жақындары қуғын-сүргінге ұшыраған қазақстандықтар қатысады.