СҚО музейінде ресейлік зерттеушілерді қызықтырған ерекше дулыға сақтаулы

Фото: Фото: СҚО тарихи-өлкетану музейі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Жиегінде алтын жалатқан арабша жазуы бар дулығаны Солтүстік Қазақстан тарихи-өлкетану музейіне кімнің қашан бергені белгісіз.

Музей қызметкерлерінің айтуынша, бұл көне жәдігерді 1930 жылы әкеліп тапсырған екен. Бастапқыда оны моңғол дулығасы ретінде көрсетіп келген. 

Музейде мұндай ерекше бас киім жалғыз, дулығаның үсті майысқан, қылыштың екі ізі бар. Көне жәдігер жасырған сырды ашуға алғаш қызыққандардың бірі — өлкетанушы Рашид Тынчаров болған. 

— Бұл көне жәдігерді маған көрсеткен кезде, ол кімге, қай ұлтқа тиесілі екен деген қызығушылық пайда болды. Көптеген анықтамалықты, әдебиетті қопардым. Нәтижесінде мұндай дулығаны орта ғасырларда кигенін анықтадым. Осыған ұқсас дулығалар қазіргі Ресей аумағында, Оңтүстік Кавказда және қыпшақ қорымдарынан табылған екен. Арабша жазуын хазірет Зейнолла Сайфутдинмен оқи алдық, айналдыра Құраннан алынған Бақара сүресі жазылған екен. Күнқағарында «Мұхаммед пайғамбар сенімен» деп жазылған. Қай жылы жасалған, кім жасаған — көрсетілмеген. Күнқағарының үстінде Ахмад Якубұлы деген жазуды таптық. Арабша жазуы бар, алтындатылған жиегін зергерлер жасаған, кейін оны қару жасаушылар дулығаның астына бекіткен. Диаметрі — 22 см, 66 өлшемге сәйкес келеді. Дулығаның астынан киіз кигеннің өзінде бұл жауынгердің басы үлкен болғанын көреміз, соған сай бойы да екі метрге жуық болуы мүмкін. Шеберлер темірден соғып жасаған. Бір қызығы дулығаны олар тапсырыспен істеген, — дейді бас киімді зерттеген өлкетанушы. 

Фото: СҚО тарихи-өлкетану музейі

СҚО тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Сәуле Байтенова да бұл дулыға туралы деректерді жинақтап, оның музей қорына қалай және қай кезеңде түскені жайында жүйелі мәліметтер береді. Зерттеуші бұл дулығаның қысқаша сипаттамасын да келтіреді.

Маманның айтуынша, дулыға — 1930 жылдары облыстық тарихи-өлкетану музейінің алғашқы этнографиялық қорына түскен алғашқы экспонаттардың бірі болған.

Алайда, 1920-1940 жылдар аралығында музейге заттар қабылдау ісі тиісті түрде құжатталмаған. Осы себепті жәдігер жайлы алғаш ресми жазба тек 1950 жылы пайда болған. 

Музей қызметкерлері шлемді XV ғасырға жатқызған және оны сол кезеңдегі Шығыс Дешті-Қыпшақ көшпелілерінің қорғаныс қару-жарақтарымен байланыстырған. 

Новосібір мемлекеттік университетінің ғалымдары да бұл ерекше дулығаға қызығушылық танытты. 

Фото: СҚО тарихи-өлкетану музейі

— Типологиялық талдау арқылы бұл дулығаны XVII–XVIII ғасырдың басына жатқыздық. Ол Мәуереннаһр, Шығыс Түркістан немесе Оңтүстік Қазақстандағы Сырдария бойындағы қалаларда белгілі бір әлеуметтік мәртебесі жоғары қазақ, өзбек немесе ұйғыр жауынгерінің тапсырысы бойынша шеберлер тарапынан жасалған болуы ықтимал. Мұндай болжам жасауға дулығаның тұтас соғылған төбесі мен араб жазулары бар сақинасы және «қорапша» тәріздес күнқағары себеп. Мұндай күнқағар — Орталық Азиядағы моңғол және түркі көшпенділерінің ұрысқа арналған бас киімдеріне тән ерекшелік. Осы дулығаның ең жақын аналогтары қазіргі уақытта Қазақстанның музей қорында сақтаулы. Дулығадағы жөндеу мен қайта қалпына келтіру іздеріне қарап, оның ұзақ уақыт бойы қолданылғанын байқауға болады, — дейді зерттеу жүргізген тарих ғылымдарының докторы Леонид Бобров. 

Фото: СҚО тарихи-өлкетану музейі

Бұған дейін Петропавлдағы музейде мүйізден жасалған ерекше орынтақ сақтаулы тұрғанын жазған едік.