СҚО-ның бұрынғы тұрғыны ауылына 64 млн теңгеге саябақ салып берді

Фото: Фото: СҚО әкімдігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының шалғай жатқан Көбенсай ауылында енді Тың игерушілер саябағы бар.

Бір гектарға жуық аумақты алып жатқан бұл саябақ елді мекен тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналды. Айналасына жасыл желек отырғызылып, гүлмен көмкерілді, орындықтар қойылды. Жайлы жүргіншілер жолдары, балаларға арналған қауіпсіз ойын алаңы жабдықталды.

Фото: СҚО әкімдігі

СҚО әкімдігінің мәліметінше, бұл жоба Уәлиханов ауданының құрметті азаматы, меценат Виктор Вовктың қолдауымен жүзеге асып, 64 млн теңгеге салынды.

Фото: СҚО әкімдігі

Виктор Вовк – Көбенсай ауылының тумасы, белгілі дәрігер, Қазақстанның Денсаулық сақтау ісінің үздігі және 50-ден астам ғылыми еңбектің авторы.

Фото: СҚО әкімдігі

Жас кезінде Алматыға қоныс аударғанымен, кіндік қаны тамған ауылын ұмытқан емес. Елді мекеннің көркеюіне өз үлесін қосып келеді. Мәселен соңғы жылдары оның қаржылай қолдауымен мектептің спортзалы жөнделіп, жаңа тақталар орнатылды. Білім ордасының аумағын асфальттап, шағын футбол алаңын салып берді. Тыңайған жерлерді игерудің 60 жылдығына орай ескерткіш тақта орнатып, мектепке, шағын орталыққа және медициналық пунктке жаңа техника, жабдықтар жеткізді, су құбырын тартты. Қазір ауыл тұрғындары тіс емдеу үшін аудан орталығына бармайтын болған, ауылда заманауи стоматологиялық кабинет жұмыс істейді.

Бұған дейін Атырау меценаттары қаламгерлердің кітабын шығаруға демеушілік жасағанын жазған едік.