СҚО-ның бұрынғы тұрғыны қос азаматтықпен жүрген

Фото: Фото:  pasporta.org

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау аудандық соты қос азаматтығы бар әйелге әкімшілік жаза тағайындады.

СҚО сотының мәліметінше, Х. есімді әйел өз кінәсін мойындап отыр.

Айтуынша, 2021 жылдың желтоқсан айында ол Ресей азаматтығын алған, кейін Қазан қаласындағы Қазақстан елшілігіне Ресей поштасы арқылы Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын және жеке куәлігін жіберген. Осылайша құжаттар жетіп, жойылды деп ойлаған.

Алайда, кейін оны бақылап, тексермеген. 

2025 жылдың ақпан айында Қазақстан шекарасын кесіп өтіп, уақытша тұруға рұқсат алмақ болады. Сол кезде оның қос азаматтықпен жүргені анықталған. 

Мамандардың айтуынша, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» ҚР Заңының 21 бабына сәйкес, шет мемлекеттің азаматтығын қабылдаған адам өзге азаматтықты алған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде бұл туралы ҚР ішкі істер органдарына немесе ҚР шет елдердегі мекемелеріне хабарлауға және Қазақстан азаматының паспортын және (немесе) жеке куәлігін тапсыруға міндетті.

Сот қаулысымен Х. кінәлі деп танылып, оған әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.

Қаулы заңды күшіне енді.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында қос азаматтықпен жүрген 16 адам анықталғанын жазған едік.