СҚО прокуратурасының мәліметінше, қадағалау органы талдау аясында табиғи монополиялар туралы заңнаманың өрескел бұзылғанын анықтады.
Мәселен, Айыртау, Қызылжар, М. Жұмабаев, Мамлют, Тайынша аудандарының табиғи монополиялар субъектілері тарифтерді қалыптастыру қағидаларының талаптарына қайшы, кәсіпкерлерден олардың тұтынушылардың екінші тобы, яғни заңды тұлға болғанына қарамастан, сумен жабдықтау үшін 2019 жылдан бастап бюджеттік ұйым ретінде негізсіз ақы алған.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша кінәлілер заң бойынша жауапкершілікке тартылды, кәсіпкерлік субъектілері үшін сумен жабдықтауға арналған тарифтер сәйкестендірілді. Мәселен Қызылжар ауданында қолданылған шарадан кейін кәсіпкерлерге су тарифі 1017,63 теңгеден 343,41 теңгеге немесе 66% дейін төмендетілді.
Сол сияқты Мамлют ауданында 787,72 теңгеге немесе 59,7%, М.Жұмабаев ауданында 30 теңгеге немесе 2,7%, Тайыншада 2,48 теңгеге немесе 0,3% тарифтер төмендетілді.
Жыл басынан бері прокуратура актілері бойынша барлығы 5 мыңнан астам тұтынушының, оның ішінде 357 кәсіпкердің құқығы қорғалды.
Бұған дейін СҚО-да ақпанда инфляция жылдық есептеумен алғанда 10% жеткенін жаздық.
Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, бағалар биылғы ақпанда, өткен жылғы ақпанмен салыстырғанда, азық-түлік тауарларына — 7%, азық-түлік емес тауарларға — 11, ақылы қызметтерге 14% өсті.