СҚО-ның киелі орындары топографиялық картаға топтастырылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлерін енді арнайы шығарылған топографиялық картадан көруге болады.

Фото: Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві

Жобаны Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағдарламасы аясында жүзеге асырды. Киелі орындар картасына облыс аумағындағы 34 тарихи-мәдени ескерткіш енгізілді.

Фото: Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві

Олардың қатарында мемориалдық кешендер, музейлер, мешіттер, шіркеулер және батырлар кесенелері бар. Соның ішінде республикалық маңызы бар киелі нысандар қатарына енген Қарасай мен Ағынтай мемориалдық кешені, «Абылайдың резиденциясы» музейі, Ботай қонысы, Қожаберген жырау, Құлсары батыр, Ноғайбай би, Ақан сері кесенелері және Уәлихановтар әулетінің қонысы бар.

- Еліміздің әрбір жері – өзен-көлі, орманы, кең даласы біз үшін киелі. 2017 жылы біз ЭКСПО-ға киелі жерлер картасын әзірледік, бірақ оған өңірдегі ірі нысандар ғана кірді. Бұл негізінен Ресей, Моңғолиядан алынған 2 мыңнан астам республикалық карталар базасынан жасалынған СҚО-ның топографиялық картасы. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында анықталған елді мекендердің атаулары сол күйінде қазақи белгіленген. Тарихи орындар ғана емес, әулиелердің мазары, тарихи оқиғалар болған жерлердің атаулары, осы өлкеде кезінде белгілі болған, бірақ есімі ұмыт қалып, зерттеуді қажет ететін аталарымыздың зираты табылып, енгізілді, - дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.

Бұл картаның авторы – белгілі тарихшы, зерттеуші, шежіреші және картограф Ғизат Табулдин.

Фото: Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві

- Ғизат Табулдин бұған дейін Ақмола облысының киелі жерлер картасын және Қостанай облысының атласын жасады. Біз де болашақта облыстың атлас картасын құрастыруды жоспарлап отырмыз, - дейді Сәуле Мәлікова.

Киелі жерлер картасы, ұйымдастырушылардың айтуынша, өңір тарихына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол зерттеушілер мен туристер үшін маңызды ақпарат көзіне айналмақ.

Бұған дейін Маңғыстаудағы киелі орын — Масат ата қорымы мен жерасты мешіті туралы жазған едік.