СҚО-ның Қызылжар ауданында тасқынның зардабын бағалау жұмысы 20 мамырға дейін аяқталады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында су тасқыны кезінде 1546 үй су астында қалды. Қазіргі уақытта баспаналардан су толық кетті.
СҚО әкімдігінің мәліметінше, 1,5 мың отбасы жалпы сомасы 543 млн теңге біржолғы әлеуметтік көмек алды.
«Қазіргі уақытта үйлердің 80% техникалық тексерістен өтті. Бұл жұмысқа өңірдегі аккредитациясы бар үш ЖШС – 10 маман тартылған. Жұмыс көп болғандықтан қосымша астаналық және көкшетаулық сарапшылар да жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта Бескөл, Тепличное және Прибрежное елді мекендерінде техникалық тексеріс аяқталуға жақын. Әлі 416 үйді зерттеп шығу керек. Бұл баспаналар негізінен Большая Малышка елді мекенінде орналасқан», - дейді әкімдік мамандары.
Қазіргі уақытта Қызылжар ауданында 96 техникалық қорытынды берілген. Соның негізінде акт толтырылып, үйді қалпына келтіруге 1,5 мен 10 млн теңге аралығында төлем жасалған.
«Материалдық шығынды бағалау және орнын толтыру бойынша комиссияның шешімімен Боголюбово елді мекеніндегі 9 отбасыға басқа үй алып берілмек. Жалпы қазіргі уақытта тасқынның салдарын жоюға Аққайың ауданының 45 адамнан тұратын 5 мехбригадасы жұмылдырылған. Олар Тепличное мен Прибрежное елді мекендерінде жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ қауіпті инфекциялық аурулардың таралуына жол бермеу мақсатында су басқан үйлер тазартылып жатыр. Қызылжар ауданында үйлерді техникалық тексеру 20 мамырға дейін аяқталады. 23 мамырға барлық қажетті құжаттар дайын болады», - дейді әкімдік өкілдері.
Бұған дейін СҚО-да тасқын басталғалы 4,8 млн текше метр су сорғызылғанын айтқан едік.