СҚО-ның 15 ауылында әкімдердің орны бос

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 12 ақпанға дейін түрлі деңгейдегі әкімдер халықпен жалпы саны 574 есептік кездесу өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ішкі саясат басқармасының мәліметінше, биыл өңірде түрлі деңгейдегі әкімдер 574 рет халық алдында есеп береді. Пандемияға байланысты кейбірі онлайн форматта өтіп жатыр. Әкімдіктер халықты неғұрлым көп қамту үшін көпке қолжетімді әрі танымал әлеуметтік желілерді қолданбақ.

Мамандардың айтуынша, есептік кездесулер 12 ақпанға дейін өтуі тиіс. Осы күнге дейін 544-і ұйымдастырылды.

Петропавл әкімі Болат Жұмабеков 5 ақпан күні Faсebook, Instagram, YouTube әлеуметтік желілері және облыстық «Qyzyljar» телеарнасы арқылы сағат 15.00-де есептік кездесуін бастайды. Ал СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың есебі 12 ақпанға жоспарланған.

СҚО мемлекеттік қызмет істері бойынша департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 13 аудандық, 4 қала және 186 ауылдық округ әкімі бар. 1 қаңтар 2021 жылғы жағдай бойынша 15 ауылдық әкімнің орны бос тұр.