СҚО-ның 38 ауылында тұрғындар саны 10 адамнан аспайды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындарының саны 10 адамнан аспайтын 38 ауыл бар, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Экономика басқармасының ауылшаруашылық аумақтарды дамыту бөлімінің басшысы Жанар Ахмиева өткен жылы 4 ауылдың жабылғанын мәлім етті. Үшеуінде тұрғындары болмаса, тағы біреуінде небәрі 4 адам тұрған. Олар өз ниетімен басқа ауылға көшіп кетті.

«Жергілікті аумақтарды дамыту бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында облыс пен ауданның жергілікті атқарушы органдары ауылдық елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық  дамыту мониторингі жүргізіліп, ауылдарды дамыту әлеуеті анықталып  жатыр. 2017 жылдың қорытындылары бойынша облыста 664 ауыл анықталған. Соның ішінде 160-ның әлеуеті жоғары, 482-нің орташа және 22-сінің -  тұрмысы төмен.  Жыл басында тұрғындар саны 50 адамнан аспайтын 103 ауыл анықталды. Соның ішінде тұрғындар саны 10 адамнан аспайтын 38 ауыл бар», - деп ақпараттандырды Ж.Ахмиева.

Бұл 38 ауылда небәрі 153 адам тұрып жатыр, соның үштен бір бөлігі - зейнеткерлер мен балалар. Мұнда мектеп, әлеуметтік инфрақұрылым, шаруашылық жоқ. Мысалы, Есіл ауданының Калиновка ауылында су жоқ, мектеп жоқ. Тұрғындар саны - 10 адам, соның ішінде екеуі - зейнеткер. Қызылжар ауданының Янцен ауылында небәрі бір адам тұрып жатыр. 

«Қоғамдық кеңес тыңдауларында 15 ауыл қаралды. Құжаттарды әділет басқармасы тексеруде. Одан кейін олар талқылау үшін облыстық мәслихатқа жіберіледі. Егер тұрғындар көшкісі келмесе, ауылда ешқандай шаралар өткізілмейді», - деп атап өтті Ж.Ахмиева.