СҚО-ның Әдеп кеңесі қала әкімін қызметінен төмендетуді ұсынды
Биылғы жылдың маусым айында қала әкімі өзінің шешімімен жеке кәсіпкер Анар Ғабдулиннаға тиесілі жер учаскесінің жеке меншікке деген құқын кері қайтарып алды. Кәсіпкер әйел сотқа қайырылған соң Ерлан Жақыпов өзінің шешімінің күшін жойып, оны Әділет органдарына тіркеген. Тура осындай жағдай тағы бір қала тұрғыны Сұлтан Түрленовке қатысты да қайталанған. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев әкімнің әрекеттері кәсіпкерлерлің конституциялық құқықтарын бұзғандығын айтты.
«Сіздің құзырыңызға жеке иеліктегі құқықты қайтарып алу шарасы кіреді ме?. Сіз жеке мүлікті біреудің иелігінен ала аласыз ба? Сіз үшін бәлкім таңқаларлық жағдай болар? Алайда, ҚР Конституциясы Сіздің шешімдеріңізден жоғары тұр. Онда ешкімнің де соттың шешімінсіз жеке мүлкінен айырылмайтындығы айтылған»,-деді ведомство басшысы.
Осы істі қараудың нәтижесінде әдеп кеңесінің мүшелері тарапынан Сергеевка қаласы әкімін қызметінен төмендету түрінде жазалау туралы кеңес берілді.