СҚО-ның әкімі солтүстікқазақстандықтарды ҚР Тәуелсіздігі күнімен құттықтады (ФОТО)

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Облыс орталығында ең маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жиын болып өтті.

Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметінен хабарлайды.

Бас мерекемен солтүстікқазақстандықтарды өңір басшысы Ерік Сұлтанов құттықтады. Облыс әкімі 16 желтоқсан - әрбір қазақстандық азамат үшін ерекше күн, біздің еліміздің өміріндегі тамаша оқиға екенін атап өтті.

«Біздің еліміз бен аймақта болып жатқан барлық өзгерістер - бұл егемен Қазақстан тарихының бір бөлігі. Мемлекет басшысы біздің алдымызға «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа жыл сайынғы Жолдауында жаңа көлемді міндеттер қойған. Солтүстік Қазақстан облысы қойылған мақсаттарға қол жеткізуде өзінің ерекше, елеулі үлесін қосатынына сенімдімін! Барлықтарыңызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге және жанұяларыңызға мықты денсаулық, бейбітшілік, амандық және бақыт тілеймін!», - деді Ерік Сұлтанов өз құттықтауында.

Бұл мерекелік күні 50-ден астам адам еңбегі сіңгені үшін наградалар: ордендер, медальдар, құрмет грамтоалары және алғыс хаттар алды. СҚО әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров «Парасат» орденімен марапатталды.

«ЗИКСТО» АҚ зауытының директоры Валерий Спицын, СҚО Ақжар ауданының әкімі Серікбай Тұраліпов және «Заградовское» ЖШС-нің директоры Иван Фисенко «Құрмет» орденімен марапатталды.

10 солтүстікқазақстандыққа «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталса, тағы екеуіне «Шапағат» медалі берілді, 13 адам ҚР Құрмет грамоталарын алды.

«Титан-Север» ЖШС-нің құрылтайшысы, «Кентрон» армян мәдениетінің Солтүстік Қазақстан облыстық орталығының» мүшесі Гарик Берценянға «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерейтойлық медалі табысталды.

Салтанатты шараның соңында үлкен мерекелік концерт болып өтті.