СҚО-ның полиция қызметкерлері бопсалаумен айналысқан екінші курс студентін қолға түсірді

ПЕТРОПАВЛ. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері боспалаумен айналысқан Петропавл қаласының колледждерінің бірінде оқитын екінші курстың студентін ұстады,

деп хабарланды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Қалалық мектептердің бірінде 10 сыныпта оқитын оқушының әкесі полицияға шағым түсірген. Оның сөзіне қарағанда, белгісіз біреу ұлынан қомақты ақша бопсалайтын көрінеді. Бұзақы бастапқыда 1500 теңге талап етіп, кездесетін жерді белгілеген. Алайда бұзақыдан қорыққан жасөспірім бармаған.  

Бірнеше күн өткеннен кейін бопсалаушы оқушыны қорқыта отырып, кездесуге келмегені үшін ақша мөлшерін арттырған. Осыдан кейін ғана жәбірленуші болған оқиғаны ата-анасына айтып берген. Жасөспірім уәделескен жерге полиция қызметкерімен бірге келді. 10 мың теңгені тапсыру барысында күдікті ұсталды.

Ол қала колледждерінің бірінде оқитын 17 жастағы екінші курстың студенті болып шықты. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде.

Жылдың басынан бері СҚО ІІД ҰҚКБ-мен бопсалаудың 20 оқиғасы анықталды.