СҚО әкімі Құмар Ақсақалов халықпен есептік кездесуінде өңірдегі өзекті мәселе - дәрігер жетіспеушілігін шешу үшін бірқатар іс-шаралардың қолға алынғанын айтты.
Соның бірі – облысқа келген әр маманға 2,5 млн теңге көтермеақы беру.
Соңғы үш жылда СҚО-ға 262 жас маман келген. Биыл облыстық бюджет есебінен оқыған 24 маман резидентураны бітіреді.
«Жас дәрігерлерге қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Өңірге келген әр маманға 1,5 млн теңге көтермеақы төлеп келдік. Енді оны тағы 1 млн теңгеге арттырып отырмыз. Бұл - ел бойынша ең жоғары сома. Сол себепті медициналық жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа шақырамын. Оларға мұнда қолдау көрсетіліп, жағдай жасалады», - деді Құмар Ақсақалов.
Жалпы биыл облыстың денсаулық сақтау саласына жаңа қондырғы алуға 12 млрд теңге бөлінді. Бұл - 2019 жылмен салыстырғанда 4 есе көп қаражат.
Ауруханаларға заманауи қондырғылар: МРТ, компьютерлік томограф, цифрлық маммографтар, УЗИ аппараттар, рентген, ангиографтар алынып жатыр.
Былтыр 2 жаңа ангиограф алынды. Ол инсульт, инфаркт алған науқастарға күрделі ота жасауға қажет.
Былтыр кардиоорталық осы жаңа цифрлық ангиографпен 1200 ота жасап, жүздеген адамның өміріне араша түсті.
Жергілікті дәрігерлер миға да ота істей бастады.