Шарада Солтүстік Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақалов мемлекет тарапынан кәсiпкерлiктi дамыту, бизнестi жүргiзу үшiн барынша жағдай жасалып жатқанын атап өттi. «СҚО-да шағын және орта бизнес қарқынды түрде дамып жатыр. Бұған цифрлар айғақ бола алады. Биылғы жылдың алғашқы жартысында шағын және орта бизнес өкiлдерi бюджетке 18 миллиард теңге салық құйды немесе өткен жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда 25 пайызға көп. Екiншi деңгейдегi банктер бизнеске 38 миллиард теңге несие бердi. Өткен жылғы көрсеткiшпен салыстырғанда бiр жарым есе көп», - дедi Құмар Ақсақалов.
10 жыл бұрын Мемлекет басшысы «Парыз» байқауын жариялаған болатын. Осы уақытта оған 212 солтүстiкқазақстандық кәсiпорын қатысқан болатын. Оның 14-i республикалық кезеңнiң номинанттары атанды.
Кездесу барысында марапаттау рәсiмi өттi. «Парыз - жетiстiктiң 10 жылдығы» байқауы аясында облыс әкiмiнiң алғыс хатымен «Мамлют үн үгу комбинаты» және «Сұлтан элеватор-диiрмен-макарон кешенi» марапатталды.
«Еңбек жолы» байқауында «үздiк еңбек әулетi» номинациясы бойынша «СевКазЭнерго» ПТЭЦ-2 жұмыс iстейтiн Зозуля отбасы жеңiске жеттi. «Жұмыс iстейтiн жастардың үздiк тәлiмгерi» номинациясында ЖК «Ахмутдинов» ағаш шеберi Мейiрхан Қасымов марапатталды. «Өндiрiстiң үздiк жас қызметкерi» болып «Радуга» ЖШС шеберi Руслан Толстых атанды. Үш жеңiмпаз 100 мың теңге көлемiнде ақшалай сыйақы алды.
«Парыз 2017» байқауы бойынша «Үздiк әлеуметтiк жауапты кәсiпорын номинациясында «Дайындық-Агро» ЖШС, «Прометей-Агро» ЖШС және «Нежинка-Ерке» ЖШС жеңiске жеттi.
«Дайындық-Агро» серiктестiгiнiң директоры Бiржан Шәймерденов Дайындық ауылында биыл жұмысшыларға 5 үйдiң тұрғызғанын айтты. Медициналық пункт салынып, ауылдықтар орталық су жүйесiне қосылыпты. Өңiр басшысы осындай елiне жаны ашитын бизнесмендердiң жыл санап қатары қалыңдау керектiгiн айтты.
«Еңбек қорғау саласындағы үздiк кәсiпорын» және «Үздiк ұжымдық шарт» номинацияларында «Қазақтелеком» АҚ филиалы СҚОТД, «Мөлдiр су-2016» ЖШС және «Андреевка СК» ЖШС үздiк атанды. «Қоршаған ортаға үлес» номинациясында «ЗИКСТО» АҚ және «Изолит» ЖШС марапатталды.
Өңір басшысы марапатталғандарды құттықтап, Астанада өтетiн республикалық байқаудың екiншi iрiктеу кезеңiнде облыстың намысын лайықты түрде қорғауға тiлек бiлдiрдi.