СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алты блокпост екі аудан орталығында қойылды. Ол жерде тәртіп сақшыларынан басқа тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау мамандары, медицина қызметкерлері және әкімдік өкілдері кезекшілік етеді.
Мағжан Жұмабаев ауданының Булаев қаласында 9 қазаннан бастап блокбекеттер қойылды. Қазір аудан орталығына кіретін жолдарда 4 блокпост тұр.
Мамлют ауданының Мамлютка қаласында 2 блокпост жұмыс істейді. Олар 12 қазан сағат 00.00-ден жұмысын бастады. Ал Есіл ауданының орталығы – Явленка елдімекеніне блокпостар қойылмағанымен, мұнда полицейлер патрульдеуді күшейтті. Тәртіп сақшылары ауыл тұрғындарына карантиндік шаралар: маскаларды дұрыс тағу мен әлеуметтік ара қашықтықты сақтау туралы ескерте отыра, көшелердегі қоғамдық тәртіпті қадағалауда.
СҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, шілде айының ортасынан бастап облыс бойынша «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» бабын бұзудың 1547 дерегі анықталған. Оның 745 фактісі Петропавл қаласына тиесілі.
Бұған дейін СҚО-дағы үш аудан орталығында коронавирусқа қатысты карантиндік шектеулердің күшейтілгенін айтқан едік.