СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көктемгі демалыс және жаз мезгілі қарсаңында өңірде Ішкі істер министрлігінің бастамасымен «Бала және бағдаршам» республикалық акциясы өтіп жатыр. Іс-шара аясында полицейлер балалар мен олардың ата-аналарымен жол қозғалысын түсіндіру бойынша жұмыстар атқарып жатыр.
Оған себеп те жоқ емес. СҚО-да соңғы екі айда балалардың қатысуымен 5 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан бір бала мерт болды, бесеуі жарақат алды.
Петропавлдағы № 17 орта мектептің 5-сынып оқушылары акция аясында полиция реттеушісінің қимылдарын түсініп үйренді.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы Жангелді Қоржыбаев балаларға жол қозғалысын қамтамасыз етудің негізгі ережелері туралы түсінікті етіп айтып берді.
Сондай-ақ кездесу барысында оқушыларға түнгі уақытта ата-ана қарауынсыз көшеде жалғыз жүруге болмайтындығы, ұсақ бұзақылық үшін қандай жаза қарастырылғаны айтылды.
«Күннің жылуымен көшедегі көлік ағыны арта түспек, ал, көктемгі, жазғы демалыста аулалар мен жолдарға балалар шығады. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында біз ұстаздармен бірге осындай профилактикалық іс-шараларды өткіземіз. Байқағанымыз, тек балалар ғана емес, ересектер де жолда күтпеген мінез танытып, жол ережесін бұзады. Сондықтан ата-аналарды балаларына үлгі болып, жол тәртібін сақтауды шақырамыз», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Жалпы, жыл басынан бері облыста 33 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 3 адам қаза тауып, 62 адам жарақат алды.