СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, желтоқсанның 15-нен облыста «Шырша» акциясы басталды.
Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері орман алқаптарына рейдтер жүргізіп жатыр.
Іс-шараларға СҚО бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілдері де қатысуда.
Полицейлер орман қорына кірмейтін ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені, жойғаны не зақым келтіргені үшін жеке тұлғаларға 50 АЕК, орман қорына кіретін ағаштар мен бұталар үшін 100 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын ескертеді.
Келген шығын сомасы 100 АЕК асқан жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
«Қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесуден қорғау – жаңажылдық мереке қарсаңындағы полиция міндеттерінің бірі. Рейдтер ормандарға ғана емес, сауда орындарына да жүргізіледі. Шыршаны сату үшін тиісті рұқсат құжаты болуы маңызды. Бүгінгі күні заңсыз кесу және сату фактілеріне жол берілген жоқ. Акция желтоқсанның 31-не дейін жалғасады», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Бұған дейін СҚО-да мереке қарсаңында қылқан жапырақты ормандар қорғауға алынып, орманшылар мен тәртіп сақшыларынан құралған мобильді топтар кезекшілік етіп жатқанын айтқан едік.
Өңірде осындай 95 мобильді топ құрылды.