СҚО полициясында 17 ұлт өкілі жұмыс істейді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының ішкі істер органдарында 17 ұлты өкілі жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Қызылжар аудандық полиция бөлімі Сколовка кенті полиция бөлімінің ұжымы интернационалдық қарым-қатынастың үлгісі болып отыр. 15 адамнан құралған шағын ұжымда қазақтар, орыстар, әзербайжан мен шешен жұмыс істейді. Бөлім бастығы полиция майоры Эльдар Соколовкада дүниеге келіп, сонда өскен. Тәжірибесі мол маман ауылдастары үшін жұмыс істеуде.

Бірнеше айдан бері жұмыс істеп жатқан Тимирязев полиция бөлімінің лейтенанты Илья Джадугашвилидің өндірісінде осы уақыт ішінде оннан астам қылмыстық іс болған. Қысқа уақыт ішінде ол алданып қалған ондаған адаммен жұмыс істеген.

«Адамдарға ұрланған заттарын қайтарып беріп жатқан кезде, оларды әділеттілікке сендірген кезде жұмыстан ләззат аламын. Ол адамның мәртебесі, ұлты, жасы маңызды емес. Құрмет пен ынтымақтастық дегеніміз осы», - деп есептейді полицей.

Баспасөз қызметі атап өткендей, ішкі істер органдарында қазақтар, орыстар, немістер, татарлар, башқұрттар, украиндер, қырғыздар, молдовандар, әзербайжандар, кәрістер, белорусьтер, грузиндер, поляктар, ингуштар, армяндар, шешендер мен гректер тату-тәтті жұмыс істеп жатыр.

«Олардың ортақ міндеті - азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бірлік пен бейбітшілік - біздің басты байлығымыз, еліміздің өркендеуінің негізі. Осындай маңызды құндылықтарды сақтауда полиция қызметкерлерінің рөлі зор. Полиция ұжымындағы татулық қарым-қатынас басқаларға да үлгі болуы тиіс деп ойлаймын», - деп атап өтті полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қайрат Оразалин.



Автор: Олеся Жуковень