Өткен жылдың қазан айында аудандық прокуратура мекемеаралық жұмыс тобымен бірлесіп, жобаны іске асыруға кіріскен еді. Қызылжар ауданының сот орындаушыларына 2 126 780 теңге болатын 391 құжат орындауға берілді.
142 проблемалық алимент төлеушімен жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде 38 борышкер жұмысқа тұрғызылды, 20 - әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 7 қылмыстық іс қозғалып, 19 борышкерге іздеу жарияланды.
Сонымен бірге, прокурорлар кейбір борышкерлердің қарызын біртіндеп төлесе де, алимент сомасының неліктен өсіп жатқанын анықтады.
«Себептердің бірі - қарыз сомасы Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы бойынша есептеледі. Ол 139 мың теңге. Жұмыс істемейтін алимент төлеуші ай сайын бір балаға 34 760 теңге төлеуі тиіс. Осылайша, «жұмыссыз» борышкер-алиментшілер 5-10 мың теңгеден бөліп-бөліп төлесе де, қарыз сомасы тоқтаусыз өсуде», - дейді прокурорлар.
СҚО-ның қадағалаушы органы Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 99-бабы, 3-бөліміне өзгерістер енгізу туралы ұсыныс әзірледі. Олар жұмыс істемейтін азаматтардан алимент өндіру көлемін қайта қарауды және борышкер тұратын аймақ бойынша орташа айлық жалақыға орай алимент сомасын бекітуді ұсынуда.