СҚО шаруалары ел бойынша сүттің 70% өндіре алады

Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы заманауи сүт кешендерін енгізу бойынша көш бастап тұр. Өңірде 110 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. Бұл Қазақстандағы барлық ферманың 30% құрайды. Өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов аталған бағытты ілгерілету жұмыстары туралы айтып берді.

Әкімнің айтуынша, 2023-2024 жылдары елімізде салынған 58 жаңа сүт-тауар фермаларының 21-і СҚО-да ашылған. Биыл тағы 8 заманауи кешен қосымша енгізіледі. 

— Облыста сүт шаруашылығында 2 ірі жоба жүзеге асырылып келеді. «Зенченко және К» серіктестігі 90 орындық «Карусель» сауу қондырғысы бар 8 мың басқа арналған ферма салады. Шаруашылық елдегі ең үздік алғашқы ондыққа кіреді және сүт сауу өнімділігі бойынша Қазақстанда 1-ші орында. Мағжан Жұмабаев ауданында «СК Агро» серіктестігі 100 бас сиырға «Карусель» бірегей сауу қондырғысы бар 10 мың басқа арналған Орталық Азия бойынша ең ірі ферма салады. Екі жоба бойынша сүт өндірудің жылдық өсімі 68 мың тоннаны құрайды. Бұл агроқұрылымдар өндіретін сүттің үлесін 70%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді, — деді Ғ. Нұрмұхамбетов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Аталған жобаларды іске асыру өңірдің позициясын нығайтып, Солтүстік Қазақстан облысының республикалық сүт өндірісіндегі үлесін 20%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін Ғ. Нұрмұхамбетов Солтүстік Қазақстанда рекордтық 6,5 млн тонна астық жиналғанын айтқан еді.